Университет ғалымы халықаралық конференцияда жасыл экономика және жайылымдарды қалпына келтіру мәселелерін көтерді

2026 жылғы 13 қарашада Өзбекстан Республикасының Нүкіс қаласында «Ветеринария және мал шаруашылығының өзекті мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында халықаралық ғылыми-техникалық конференция өтті. Самарқанд мемлекеттік ветеринариялық медицина, мал шаруашылығы және биотехнологиялар университетінің Нүкіс филиалы ұйымдастырған ғылыми жиынға Өзбекстан, Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай және Ресей мемлекеттерінің ғалымдары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты.

Конференцияда ветеринария, мал шаруашылығы, биотехнология, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту және халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Халықаралық ғылыми жиынға Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қарынбаев Аманбай Қамбарбекұлы қатысып, «Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жайылымдардың жай-күйі және оларды қалпына келтіру технологиялары» тақырыбында ғылыми баяндама жасады.

Ғалымның баяндамасы жасыл экономика қағидаттарына сәйкес жайылым ресурстарын тиімді пайдалану, тозған жерлерді қалпына келтіру және мал шаруашылығының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. Аталған ғылыми бағыт табиғи ресурстарды сақтауға, жердің деградациясын төмендетуге және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған тұрақты даму міндеттерімен тығыз байланысты.

Сонымен қатар профессор А.Қ. Қарынбаев іссапар аясында Самарқанд мемлекеттік ветеринариялық медицина, мал шаруашылығы және биотехнологиялар университетінің Нүкіс филиалында 10 сағат көлемінде дәріс оқып, өзінің ғылыми-зерттеу тәжірибесімен бөлісті.

Университет ғалымының халықаралық ғылыми және академиялық қызметі жасыл экономика мен тұрақты ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, озық тәжірибе алмасуға және университеттің халықаралық ғылыми байланыстарын нығайтуға ықпал етеді.
Старатегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық басқармасы

24 Nov 2026
41