«Жалпы педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен пәндік олимпиада өткізілді

2026 жылғы 16 қарашада Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Педагогика» факультеті, «Жалпы педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен студенттер арасында пәндік олимпиада өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ педагогтердің кәсіби білімін жетілдіру, шығармашылық әлеуетін дамыту, әдістемелік шеберлігін шыңдау және кәсіби құзыреттілігін арттыру.

Пәндік олимпиада үш кезең бойынша ұйымдастырылды.
Бірінші кезең – «Топтың визит картасы». Бұл кезеңде қатысушылар өз командаларын таныстырып, шығармашылық қабілеттері мен кәсіби бағыттағы идеяларын ұсынды.
Екінші кезең – «Шығармашылық және кәсіби шеберлік алаңы». Аталған кезеңде үш білім беру бағдарламасы бойынша байқаулар өткізілді.
«Педагогика және психология» білім беру бағдарламасы бойынша «Жағдаят шешу» байқауында студенттер педагогикалық және психологиялық жағдаяттарды талдап, оларды шешудің тиімді жолдарын ұсынды.
«Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы бойынша «Digital Kids – Цифрлық дидактикалық ойындар» байқауында қатысушылар мектеп жасына дейінгі балаларға арналған цифрлық ойындарды таныстырып, заманауи білім беру технологияларын қолдану дағдыларын көрсетті.
«Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасы бойынша «Шығармашыл сабақ зертханасы» байқауында студенттер инновациялық сабақ үлгілерін, авторлық тапсырмаларын және оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін ұсынды.
Үшінші кезең – «Педагогикалық білім және кәсіби құзыреттілік». Қатысушылар теориялық тест тапсырмаларын орындап, кәсіби білім деңгейлерін көрсетті.

Олимпиада қорытындысы
Қазылар алқасының бағалау нәтижелері бойынша «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасынан «Эмпатия» командасы екінші орынды, «TRIADA» командасы үшінші орынды иеленді.
«Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы бойынша «NEO kids» командасы екінші орынға ие болды.
«Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасы бойынша «Қадам» командасы бірінші орынды, «Қанат» командасы екінші орынды иеленді.
Пәндік олимпиада студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға, шығармашылық және кәсіби қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ болашақ педагог ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.
Іс-шара қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, барлық қатысушылардың белсенділігі мен шығармашылық ізденісіне жоғары баға берілді.
«Жалпы педагогика» кафедрасы олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, барлық қатысушыларға білім мен кәсіби даму жолында табыс тілейді.

13 Nov 2026
27