Шерхан университеті мен «Bugin Holding» компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2026 жылғы 29 қазанда «Bugin Holding» компаниясының делегациясы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіне ресми сапармен келді. Делегация мүшелері университет президенті Ерболат Байұзақұлы Сауырқовпен және университет ректоры Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбековпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар білім беру, ғылым және инновация салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, университеттің ғылыми әлеуеті мен тәжірибелік әзірлемелерін дамыту, заманауи технологияларды енгізу және ғылыми нәтижелерді өндіріске бейімдеу мүмкіндіктері қарастырылды.

Кездесудің маңызды кезеңі – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен «Bugin Holding» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды. Құжат екі тарап арасындағы серіктестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және білім мен ғылым саласындағы жаңа бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға бағытталған.

Сапар бағдарламасы аясында делегация университеттің ғылыми-зерттеу институттары мен инновациялық жобаларымен танысты. Атап айтқанда, ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізу, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру және заманауи технологияларды түрлі салаларда қолдану мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Ресми сапар университет пен компания арасындағы өзара байланысты кеңейтіп, білім беру, ғылым және инновация бағыттарында жаңа жобаларды жүзеге асыруға негіз қалады. Тараптар алдағы уақытта бірлескен бастамаларды дамытуға және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

29 Oct 2026
274