Шерхан Мұртаза Университетінде Еrasmus+ бағдарламасының мүмкіндіктері таныстырылды

2026 жылғы 17 қыркүйекте Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Қазақстандағы Ұлттық Erasmus+ офисінің (NEO Kazakhstan) қатысуымен Erasmus+ бағдарламасының Ақпараттық күні өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — университет қауымдастығын Erasmus+ бағдарламасының заманауи мүмкіндіктерімен таныстыру, халықаралық білім беру және ғылыми жобаларға қатысу әлеуетін арттыру, сондай-ақ жаңа жобалық бастамалар мен халықаралық серіктестіктерді дамытуға ықпал ету.
Ақпараттық күн аясында университет басшылығы мен халықаралық ынтымақтастық бағытына жауапты мамандардың Қазақстандағы Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің өкілімен кездесуі ұйымдастырылды.

Кездесуге Қазақстандағы Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің ресми үйлестірушісі Палуанова Лаура Калабаевна қатысып, Erasmus+ бағдарламасының негізгі бағыттары, басымдықтары және қазақстандық жоғары оқу орындары үшін ұсынылатын мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берді.
Іс-шара барысында қатысушылар Erasmus+ бағдарламасы арқылы халықаралық жобаларға қатысу, шетелдік жоғары оқу орындарымен және ұйымдармен серіктестік орнату, бірлескен жобалық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерімен танысты.
Сонымен қатар халықаралық жобаларды әзірлеу, жобалық идеяларды нақтылау, серіктестік консорциумдарын қалыптастыру және Erasmus+ бағдарламасына сапалы өтінім дайындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ректор Махметғали Сарыбеков Erasmus+ Ұлттық кеңсесінің ресми үйлестірушісі Лаура Палуановамен кездесіп, білім ордасының басым бағыттары мен алдағы жоспарларымен таныстырды. Ақпараттық күнге университет басшылығы, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми жоба жетекшілері және жас зерттеушілер қатысты.
Іс-шараның практикалық бөлігінде Erasmus+ бағдарламасына өтінім беруді жоспарлап отырған әлеуетті жобалық командалар үшін арнайы консультациялық сессия өткізілді. Қатысушылар өздерінің жобалық идеяларын саралап, халықаралық серіктестік бағыттарын талқылады.
Консультация барысында жобалық бастамаларды жетілдіру, халықаралық әріптестермен тиімді байланыс орнату және идеяларды нақты жобалық ұсыныстарға айналдыру бойынша ұсыныстар берілді.

Кездесу нәтижесінде университет мамандары халықаралық жобаларға қатысу тетіктері туралы қосымша ақпарат алып, өз жобалық бастамаларын дамытуға бағыт-бағдар алды. Сондай-ақ алдағы уақытта Erasmus+ аясында жаңа халықаралық серіктестермен бірлескен жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру бағыттары айқындалды.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, білім беру және ғылыми жобалардың географиясын кеңейтуге, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен жас ғалымдардың халықаралық жобалық белсенділігін арттыруға басымдық беріп келеді.
Алдағы уақытта университет Erasmus+ және басқа да халықаралық білім беру бағдарламалары аясындағы серіктестіктерді кеңейтіп, халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.


17 Sep 2026
147