Қазақстан - Қытай жазғы лагері өз жұмысын бастады

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Қазақстан–Қытай жазғы лагерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Университет пен Chinese.kz Қазақстан–Қытай білім беру қорының бірлесуімен ұйымдастырылған бұл жоба жастар арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған.

Лагерьдің алғашқы күні қатысушыларды қарсы алу, таныстыру және ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Бағдарлама барысында студенттер бір-бірімен жақынырақ танысып, алдағы бес күнде өтетін іс-шаралармен танысты. Сонымен қатар, қатысушылар қытай тілін үйрену мен тәжірибеде қолданудың мүмкіндіктері, мәдени алмасу бағдарламалары және лагерь аясында жоспарланған экскурсиялар туралы ақпарат алды.

Жазғы лагерьдің басты мақсаты – жастардың тілдік дағдыларын жетілдіру, халықаралық тәжірибе алмасуға жағдай жасау және Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту. Алдағы күндері қатысушыларды қытай тіліндегі практикалық сабақтар, тіл иелерімен кездесулер, мәдени-танымдық бағдарламалар, командалық жұмыстар мен Тараз қаласының тарихи орындарына экскурсиялар күтуде.

Бұл жоба студенттерге жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға ғана емес, сонымен қатар халықаралық ортада еркін қарым-қатынас жасап, жаңа достар табуға мүмкіндік береді.
Қазақстан–Қытай жазғы лагерінің алғашқы күні көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, қатысушылар алдағы қызықты әрі мазмұнды бағдарламаларға үлкен қызығушылық танытты.

16 Jun 2026
132