Қытайдағы маңызды кездесу

21 сәуір күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің стратегия, ғылым-инновация және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Құдайбергенов Арман Ерғалиұлы бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы Іле педагогикалық университетіне ресми сапармен барды.
Іле педагогикалық университеті — Қытайдағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет білім беру, тілдік дайындық және халықаралық ынтымақтастық бағыттарындағы жоғары академиялық әлеуетімен ерекшеленеді.
Сапар аясында Чонгде ғимаратының бірінші қабатындағы Батыс залында ресми кездесу өтті. Кездесу барысында университетаралық ынтымақтастық, кадр даярлау және академиялық алмасу мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Іле педагогикалық университеті партия комитеті тұрақты комитетінің мүшесі әрі вице-президенті Цао Хунцинь делегацияны жылы қарсы алып, оқу орнының даму стратегиясы, пәндік құрылымы және халықаралық ынтымақтастықтағы жетістіктері туралы кеңінен таныстырды.
Өз кезегінде университетіміздің ресми делегациясы білім беру бағдарламаларының ерекшеліктерін, академиялық құрылымын және халықаралық серіктестікті дамытудағы стратегиялық басым бағыттарды ұсынып, өзара ықпалдастықтың перспективалы бағыттарын айқындады.
Тараптар өзара таныстырылым материалдарымен алмасып, білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністікке қол жеткізді.

Келісілген және айқындалған негізгі бағыттар:
– Академиялық алмасу: студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын дамыту
– Кадр даярлау: бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру
– Ғылыми-зерттеу: ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру
– Халықаралық ынтымақтастық: институционалдық серіктестікті кеңейту
Университетіміз Қытай Халық Республикасындағы жетекші жоғары оқу орындарымен 2026 жылы кеңейтілген кездесулер өткізуге ресми шақырту алды, және осы кездесулер барысында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіне арнайы бағытталған келіссөздер шеңберінде бірқатар өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалынатын болады.
Қазақстандық делегация құрамында:
– Құдайбергенов Арман Ерғалиұлы – стратегия, ғылым-инновация және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор
– Паншаев Мухамет-Умар Сализович – профессор ассистенті, Шығармашылық мамандықтар факультеті
– Қыран Нұрболатұлы – 7M04102 «Экономика» білім беру бағдарламасының 1 курс магистранты

Кездесу соңында қатысушылар Чонгде ғимараты алдында естелік суретке түсті.
Аталған сапар көзделген мақсаттарға толық қол жеткізіп қана қоймай, университетіміз үшін жаңа серіктестік мүмкіндіктерін айқындады. Жоғары деңгейдегі әріптестермен байланыс орнатылып, білім беру, ғылым және академиялық алмасу бағыттары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға берік негіз қаланды.

24 Apr 2026
174