Шерхан университеті халықаралық қолөнершілер фестивалінде ұлттық өнерді дәріптеді

Тараз қолөнершілер қаласы халықаралық фестивалі аясында көне шаһар Таразда ауқымды мәдени іс-шара ұйымдастырылып, ұлттық өнер мен дәстүр кеңінен насихатталды. Фестиваль барысында қолөнер туындыларының көрмесі, шеберлік сағаттары, ғылыми-тәжірибелік конференция және гала-концерт секілді мазмұнды бағдарламалар ұсынылды.

Аталған шараға Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті белсенді қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде ерекше көзге түсті. Университет ұжымы арнайы киіз үй тігіп, қазақтың дәстүрлі тұрмысын таныстырды. Сонымен қатар, студенттер мен оқытушылар қолөнер бұйымдарын, ұлттық нақыштағы дизайнерлік киім үлгілерін және қолдан жасалған түрлі өнер туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Дефиле барысында ұсынылған киімдер ұлттық стиль мен заманауи сәннің үйлесімін айқын көрсетті.

Бұл фестиваль – халқымыздың бай мәдени мұрасын жаңғыртып, қолөнер шеберлерінің тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін маңызды алаң. Осындай игі бастамалар арқылы ұлттық өнердің дамуына серпін беріліп, жас ұрпақтың қызығушылығы арта түсуде.



23 Apr 2026
95