Өндірістік тәжірибе туралы ақпарат

2025–2026 оқу жылына арналған университет бекіткен академиялық күнтізбеге сәйкес «Жалпы педагогика» кафедрасы даярлайтын 7М01102 – Педагогика және психология білім беру бағдарламасына қабылданған шетел азаматтары магистранттары өндірістік тәжірибеден өтті.
Магистранттардың өндірістік тәжірибесі «Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының “Асыл Мирас” аутизмі (аутизм спектрінің бұзылуы) бар балаларды қолдау орталығы» (autism-орталық) базасында ұйымдастырылды.

Бейіндік бағыт бойынша өндірістік тәжірибе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің заманауи педагогикалық-психологиялық тәсілдерін меңгеруге бағытталды. Тәжірибе барысында магистранттар орталықтың негізгі қызмет бағыттарымен, аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балаларға көрсетілетін психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесімен танысты.
Өндірістік тәжірибе аясында магистранттар балалардың даму ерекшеліктерін диагностикалау жұмыстарын бақылап, жеке және топтық түзете-дамыту сабақтарына қатысты, сондай-ақ мінез-құлықты түзетуге бағытталған әдістерді қолдану тәжірибесін меңгерді.

Сонымен қатар, тәжірибе барысында ADOS-2 диагностикасы, РАС-терапия элементтері, сенсорлық интеграция, коммуникациялық және әлеуметтік дағдыларды дамытуға арналған әдістемелердің қолданылуы бақылауға алынды. Ата-аналармен және орталық мамандарымен (психолог, дефектолог, логопед) кәсіби өзара әрекет орнату тәжірибенің маңызды құрамдас бөлігі болды.
Өндірістік тәжірибе нәтижесінде магистранттардың инклюзивті білім беру саласындағы кәсіби құзыреттілігі артты, аутизм спектріндегі балалармен жұмыс істеуге қажетті практикалық дағдылары қалыптасты. Сонымен қатар, магистранттардың кәсіби бейімділігі айқындалып, болашақ кәсіби қызметке дайындық деңгейі жетілдірілді.

27 Jan 2026
261