Жасанды интеллект және адами капитал: білім берудегі трансформация

Бүгін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Жасанды интеллект және адами капитал: білім берудегі трансформация» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелде еліміздің Президенті Қасым Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйекте «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдаудың аясында елімізде және әлемде жасанды интеллектке байланысты болып жатқан трансформация туралы айтылды.

Алғашқы сөз алған университет ректоры Сарыбеков М.Н. Жолдауда ерекше аталған стратегияларға тоқталды: цифрландыру мен жасанды интеллектке басымдық беру, әлеуметтік әділеттік пен адами капиталды дамыту, жастар мен студенттердің рөлі.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің докторанты Ерманова Ғ.Б. жасанды интеллектіні қолдану әдістері, этикасы жіне жауапкершілік туралы айтты.

«Ақпараттық-коммуникациялқ технологиялар» кафедрасының ассистенті Шарапов Н.Н. 2025 жылдың 2-4 қазанында Астана қаласында өткен «Digital Bridge 2025» Халықаралық технологиялық форумға университет профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің қатысқаны туралы айтып, әлемде болып жатқан жасанды интеллектке байланысты жаңа өзгерістермен бөлісті.

«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі Онгарбаева М.Б. өз сөзінде университетте ІТ кластерді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Кафедра жанындаңы IТ Академияда, Дрон Академиясында ІТ құзыреттіліктерді дамыту үшін қосымша курстар ұйымдастырылғаны туралы, халыаралық бастамалар мен оқыту аясындағы CISCO, Huawei және Coursera платформаларында жасанды интеллект бойынша курстарды оқу туралы, студенттердің әр түрлі жарыстыр мен хакатондарға қатысып, үздік нәтиже көрсеткендері туралы айтты.

Дөңгелек үстелде студенттер сұрақ қойып, аталмыш мәселе белсенді талқыланды.
Идея ұсыну, инновациялық жобалар әзірлеу, зерттеулерге қатысу арқылы елдің цифрлық келешегін қалыптастыру – жастардың қолында, деп дөңгелек үстелде қорытынды жасалды.

13 Oct 2025
803