Аграрлық ғылымды дамытуға бағытталған маңызды сессия өтті

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР» тақырыбында Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының көшпелі сессиясы өтті.

Сессия Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту және аграрлық ғылымды дамыту туралы Жолдауда берген тапсырмалары аясында ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің болашағын айқындауға және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге бағытталған маңызды қадам болды.

Жиынға Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының президенті, академик Тілектес Исабайұлы Есполов бастаған академиктер мен жетекші ғалымдар, сондай-ақ Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Сабитұлы Календеров, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков және ауыл шаруашылығы саласының өңірлік мамандары қатысты.

Сессия барысында келесі өзекті мәселелер талқыланды:
Ғылым мен өндірістің интеграциясы: Ғылыми-зерттеулерді тиімді коммерцияландыру және өндіріске енгізу жолдары.
Ресурсты үнемдеу: Су үнемдеу технологияларының ауыл шаруашылығындағы маңызы.
Цифрландыру: Агроөнеркәсіптік кешенге цифрлық технологияларды енгізу.
Жаңа бағыттар: Карбонды егіншілік және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері.
Сонымен қатар, сессияның басты назарында Шерхан университетінің базасында өңірлік агротехнологиялық хаб құру мүмкіндігі болды. Бұл бастама Жамбыл облысының аграрлық әлеуетін арттыруда, ғылым мен тәжірибені біріктіруде маңызды рөл атқарады деп күтілуде.

Іс-шара барысында қатысушылар университеттегі Агробиологиялық орталық, Ветеринария және мал шаруашылығы орталығы, сондай-ақ Аквафермамен танысып, университет базасының ғылыми-инновациялық инфрақұрылымын жоғары бағалады.
Сессия қорытындысында Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қатысты нақты ұсыныстар жасалды. Бұл жиын аграрлық ғылымдағы жаңа бағыттарды айқындап, болашақ даму жолдарын көрсеткен маңызды алаң болды.


20 Sep 2025
371