Шерхан университетінде Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті

2 қыркүйек күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде жаңа оқу жылының басталуына арналған Білім күні салтанатты түрде аталып өтті.
Мерекелік жиын Шерхан аллеясында ұйымдастырылды. Университеттің 1 курс студенттері, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен қонақтар қатысқан бұл шарада ерекше жылы атмосфера орнады.

Салтанатты жиында университет президенті Нұржан Муслимов студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтап, үздік талапкерлерге 100 білім грантын табыстады. Өз сөзінде ол:
“Бүгінгі жастар — елдің болашағы. Шерхан университеті сіздерге сапалы біліммен қатар, үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жаңа белестерге бірге жетеміз!” — деп атап өтті.

Университет ректоры, академик Махметғали Сарыбеков та жаңа буынды құттықтап, білім мен тәрбие жолындағы ізденісте табыс тіледі. Ол:
“Бұл — сіздердің өмірлеріңіздегі жаңа кезеңнің бастауы. Алдымызда талай ғылым жолы, шығармашылық жобалар, жеңістер тұр. Баршаңызға сәттілік тілеймін!” — деді.

Іс-шара барысында 1 курс студенттеріне білім кілті мен студенттік билет салтанатты түрде тапсырылды.
2025-2026 оқу жылында Шерхан университетіне 3000-ға жуық талапкер қабылданды. Олардың қатарында 18 “Алтын белгі” иегері бар.

Салтанатты жиын аясында университеттің басты рухани символдарының бірі — Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Бұл — ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Шерхан Мұртазаға деген құрметтің, тағзымның белгісі. Университет басшылығы, оқытушылар және студенттер алаңда бас қосып, ұлт перзентінің жарқын бейнесіне тағзым етті.

Білім күніне арналған жиын концерттік бағдарламаға ұласып, студенттердің өнері мен жігерлі сөзіне ұласты.
Шерхан университеті – жаңа дәуірдің жаңа көшбасшыларын тәрбиелейтін білім ордасы!


02 Sep 2025
596