Конституцияның 30 жылдығына арналған мерекелік жиын өтті

Қазақстан Республикасының Ата Заңы – мемлекетіміздің тәуелсіздігін айқындайтын, азаматтық қоғамның дамуына негіз болатын басты құжат. Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, университеттің құрылтайшысы Ерболат Саурықов арнайы қатысып, барша профессор-оқытушылар құрамын ел тарихындағы маңызды мерекемен құттықтады. Өз сөзінде халық қалаулысы Конституцияның қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықтың кепілі екенін атап өтіп, университеттің даму жолындағы жетістіктерін де ерекше бағалады.

Салтанатты шара барысында оқу орнының ғылыми-педагогикалық әлеуетін арттыруға үлес қосқан ұстаздар KPI жүйесі бойынша үздік деп танылып, арнайы қаржылай сыйақымен марапатталды. Бұл бастама оқытушылардың кәсіби деңгейін көтеруге, жаңа белестерге ұмтылуына серпін бермек.

Сонымен қатар мереке қарсаңында бірқатар қызметкерге Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Марапаттарды Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, профессор Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы ресми түрде тапсырды.

Конституцияның 30 жылдығына арналған бұл мерекелік жиын университет ұжымына ел тарихындағы тағылымды сәттерді тағы бір мәрте еске салып, қазақстандық патриотизмді нығайтудың маңыздылығын айқындай түсті.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы – еліміздің демократиялық дамуының, тәуелсіздіктің және азаматтық қоғам құндылықтарының берік тұғыры.

28 Aug 2025
412