Шерхан университетінде түлектерге диплом табыстау салтанаты басталды


- ВКонтакте
- Telegram
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде дәстүрлі «Диплом тапсыру – 2025» салтанатты іс-шарасы өз бастауын алды. Ең алғашқы диплом иегерлері — "Заң" факультетінің "Құқықтану" және "Мемлекеттік қызмет саласындағы заңгер" білім беру бағдарламалары бойынша бітірген түлектер болды.
Аталған шара — тек диплом тапсыру рәсімі ғана емес, білім ордасынан түлеп ұшқан жастардың жаңа өмірге аттануындағы маңызды белесі. Осыған орай, акт залы мерекелік көңіл күйге сай безендіріліп, арнайы фотоаймақтар, қызыл кілем және LED экрандармен жабдықталды.
Шараны ресми түрде ашып, алғашқы құттықтау сөзді университет президенті, профессор Нұржан Муслимов сөйледі. Ол үздік диплом иегерлерін жеке атап, арнайы марапаттап, олардың ата-аналарына университет ұжымының Алғыс хаттарын табыс етті.
Кеш аясында университет ректоры, профессор, Махметғали Сарыбеков түлектерге ізгі тілегін білдіріп, оларға дипломдарын табыстады. Өз сөзінде ол:
«Түлек болу – оқу орнын тәмамдау ғана емес, жаңа жолдың бастауы. Ел игілігі үшін адал еңбек ететін, білімді де білікті жас маман болыңыздар!» – деп атап өтті.
Салтанатты шарада ерекше белсенділігімен, білім мен ғылымдағы жетістіктерімен көзге түскен бітірушілерге арнайы «Шерхан мақтанышы» сыйлығы табысталды. Атап айтсақ:
Амина Ахметқали – Заң факультетінің студенттік деканы, «Жамбыл облысы прокурорының кубогы» зияткерлік байқауының жүлдегері, академиялық ұтқырлық аясында Польшадағы Лодзь университетінде білім алған.Аминаға үздік диплом, «Шерхан мақтанышы» сыйлығы және ата-анасына Алғыс хат табыс етілді.
Анжелика Цой– бокстан спорт шебері, ХІІ Жазғы Универсиада алтын жүлдегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстан мен халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол да "Шерхан мақтанышы" марапатына лайық деп танылды.
Биылғы кештің ең әсерлі сәттерінің бірі — 74 жастағы түлек Валентина Проскурина Павловнаның диплом алу сәті болды. Экономика саласының ардагері, 20-дан астам оқу құралдарының авторы, ғұмырын есеп-қисап пен ғылымға арнаған Валентина Павловна бұл жолы "Құқықтану" мамандығы бойынша екінші жоғары білімін тәмамдады.
«Оқу ешқашан кеш емес. Арман мен мақсат жасқа қарамайды. Бастысы – сенім мен әрекет», – деді ол өз құттықтау сөзінде.
Университет ұжымы Валентина Павловнаға және белсенді түлектерге ерекше алғыс білдірді.
Салтанатты кеш барысында «Sherkhan Stars» квартеті мен Жамбыл облыстық филармониясының әншілері – Азамат Алмерек пен Динара Маханова әсем ән шашуларымен мерекенің сәнін келтірді.
Білім ордасын тәмамдаған түлектер үшін бұл күн — естен кетпес тарихи сәт. Дипломдар табысталып, есімдер аталған сайын ата-ана, ұстаз, қонақтар тарапынан ұзақ қол шапалақтар естілді.
Университет ұжымы барша түлектерге жарқын болашақ, мықты маман болуға табыс тілейді!
Жолың болсын, жас маман!
Шерхан университетінің
Баспасөз қызметі