COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Address

Taraz, Zheltoksan STR., 69b

Contact Phone Number

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Operating time

Monday-Friday: 09.00-18.00

SHERKHAN MURTAZA
UNIVERSITY

Home / MEDIA / News / «ХТУ – болашаққа сенімді қадам»: Университет ректоры талапкерлерді қабылдау науқанына байланысты баспасөз конференциясын өткізді

«ХТУ – болашаққа сенімді қадам»: Университет ректоры талапкерлерді қабылдау науқанына байланысты баспасөз конференциясын өткізді

 

2025–2026 оқу жылына талапкерлерді қабылдау науқанына орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз конференциясын өткізді. Брифинг барысында оқу орнының артықшылықтары мен даму стратегиясы, білім беру бағдарламалары мен әлеуметтік жобалары кеңінен таныстырылды.

Университет ректоры өз сөзінде білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен халықаралық тәжірибеге негізделген оқыту үрдісінің маңызын атап өтті. Бүгінде Халықаралық Тараз университеті 53 бакалавриат және 24 магистратура бағдарламасы бойынша мамандар дайындайды. Аталған бағдарламалар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие және заманауи талаптарға сай жасақталған.

– «Біздің басты мақсатымыз – бәсекеге қабілетті, кәсіби құзыретті, жаңашыл маман дайындау. Ол үшін барлық жағдай жасалған: ғылыми инфрақұрылым, профессорлық-оқытушылық құрам, халықаралық байланыс, академиялық ұтқырлық бағдарламалары», – деді ректор өз баяндамасында.

 

«ХТУ-дың 100 гранты» – жастарға арналған нақты мүмкіндік
Баспасөз конференциясында журналистер тарапынан үлкен қызығушылық тудырған маңызды мәселелердің бірі – «ХТУ-дың 100 гранты» әлеуметтік жобасы болды. Аталған бастама аясында Жамбыл облысының дарынды, алғыр жастарына ақысыз білім алу мүмкіндігі ұсынылып отыр.

– «Біз жастарға сенеміз және олардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, қабілет-қарымына қарай білім алуға жол ашуға тырысамыз. Осы мақсатта 2022 жылдан бастап іске қосылған '100 грант' жобасы жүздеген студентке үміт сыйлады», – деді университет басшысы.

Грант жеңіп алған студенттер оқу ақысынан босатылып қана қоймай, ғылыми және практикалық жобаларға белсене қатыса алады. Бұл – жастарды ынталандырудың нақты тетігі, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктің бір көрінісі.

 

Магистратураға түсудің жаңа мүмкіндігі
Брифингте журналистер тарапынан қойылған маңызды сұрақтардың бірі – магистратураға қабылдау ережелеріне қатысты болды. Бұл бағытта университет ұсынған жаңалық – кешенді тестілеусіз (КТ) магистратураға түсу мүмкіндігі болды.

Шерхан Мұртаза атындағы ХТУ бейінді магистратураға түсуге ниетті азаматтарға арнап заң аясында келесі жеңілдіктерді ұсынады:

- Саяси және әкімшілік қызметшілерге, егер олар басшылық лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс істеген болса;
- Өз саласы бойынша кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар азаматтық қызметшілерге;
- Мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға – қызмет аяқталған соң 3 жыл ішінде.
Бұл үміткерлер кешенді тестілеусіз, ақылы негізде, қабылдау комиссиясының әңгімелесуі нәтижесінде оқуға түсе алады.

 

Университет артықшылықтары – нақты дерек пен сенімді негіз
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті бүгінде еліміздің заманауи жоғары оқу орындарының қатарында. Университеттің материалдық-техникалық базасы, профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми зерттеу орталықтары, халықаралық әріптестігі – барлығы сапалы білім берудің берік тірегіне айналған.

Сонымен қатар, студенттер үшін 500 орындық заманауи «Студенттер үйі», спорттық алаңдар, зертханалық корпустар мен ғылыми орталықтар сынды инфрақұрылымдық қолдаулар қарастырылған. Университет жанынан ашылған «Шерхантану» орталығы мен балық зауыты, аквакультура, ветеринария, агробиология зертханалары – білім мен өндірісті ұштастыратын тың бастамалар қатарында.