Педагогикалық серіктестік аясында жаңа қадам


- ВКонтакте
- Telegram
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Жалпы педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен маңызды семинар өтті. Семинар шеңберінде білім беру саласының өзекті мәселелері көтеріліп, оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықтың болашағы сөз болды.
Іс-шара университет ректоры, профессор Махметғали Сарыбековтың алғы сөзімен ашылды. Ол жұмыс берушілермен өзара байланыс орнату, білім беру бағдарламаларын жаңғырту мен тәжірибеге бағытталған оқытудың маңыздылығын атап өтті.
Семинар барысында академиялық жұмыстар жөніндегі проректор Ақмарал Қадырова , академиялық саясат басқармасының басшысы Диана Акимова, сондай-ақ Жамбыл облысындағы жетекші колледждер мен мектептердің өкілдері, педагог-психологтар сөз сөйлеп, пікір алмасты.
Семинар аясында университет пен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» КММ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат білім беру қызметін ақпараттық, әдістемелік, ғылыми және тәжірибелік тұрғыда қолдауға бағытталған бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
Меморандумға орталық директоры Райф Ришат пен университет ректоры Махметғали Сарыбеков қол қойды. Тараптар білім мен тәжірибе алмасу, бірлескен жобалар ұйымдастыру, ғылыми кеңестер мен психологиялық қолдау көрсету бағыттарын қамтитын ортақ бастамаларды жүзеге асыруға ниетті.
Семинарға өңірдегі жетекші оқу орындарының өкілдері мен сала мамандары қатысты. Атап айтқанда:
- Облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары
- Тараз инновациялық көпсалалы колледжі мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің әдіскерлері мен басшылары
- №23 мектеп, №12 гимназия, «Асыл Мирас» аутизм орталығы, №28 және №9 бөбекжай-балабақшаларының басшылары мен мамандары
Қатысушылар білім беру бағдарламаларын жетілдіру, практик мамандармен байланысты күшейту, психологиялық қолдау тетіктерін дамыту бағытында өз ұсыныстарын ортаға салды.
Семинар нәтижесінде барлық қатысушылар білім беру мен тәжірибелік саланы жақындату, болашақ педагог мамандарды даярлаудағы серіктестіктің рөлін арттыру, білім беру сапасын көтеру жолында ортақ әрекеттердің қажет екенін алға тартты. Ал меморандум бұл серіктестікті нақты іспен жүзеге асыруға жол ашады.