Күнделікті еңбегімен ұрпаққа үлгі болған жан


- ВКонтакте
- Telegram
2025 жыл — елімізде Жұмысшы мамандығы жылы деп жарияланды. Бұл — адал еңбекпен қоғамды алға сүйреп жүрген жандарға деген құрметтің, еңбек адамының беделін арттыруға арналған маңызды қадам. Осы орайда біз Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Студенттер үйінің үйлестірушісі Жанар Елдосқызы туралы айтуды жөн көрдік.
Жанар Елдосқызы – кәсіби жолында тиянақтылықты, жауапкершілікті және адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білуді басты қағидат еткен маман. Ол Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы мектептің түлегі. Бала күнінен техника мен инженерлік істерге қызығушылық танытқан ол, Гуманитарлық-техникалық институтта «Жылу-газбен жабдықтау және желдету инженері» мамандығы бойынша жоғары білім алып, нақты ғылым саласына қадам басады.
Бүгінде Жанар ханым – білім беру саласында еңбек етіп жүрген, жан-жақты тәжірибелі маман. Ол Студенттер үйінде үйлестіруші қызметін мінсіз атқарып келеді. Бұл қызмет — тек тұрмыстық-техникалық жағдайды реттеу ғана емес, студенттермен үнемі байланыста болып, олардың қауіпсіздігін, тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету, түрлі әлеуметтік-тәрбие жұмыстарын үйлестіруді де қамтиды.
Оның ұжымда беделі жоғары. Әріптестері оны ұйымшыл, талапшыл, сонымен қатар студенттерге әрқашан жылы қабақ танытатын, қолдау білдіретін жан ретінде сипаттайды. Ал студенттер үшін Жанар Елдосқызы – екінші ана секілді. Қамқорлығы мен кәсіби ұстанымы жастарға үлгі.
Жұмысшы мамандығы жылы — дәл осындай мамандардың еңбегін елеп-ескеруге арналған. Себебі білім мен тәрбие беру ісі тек аудиториямен шектелмейді. Университеттегі тәртіп пен тұрмыстық жағдайдың дұрыс қалыптасуы — инженерлік-техникалық және ұйымдастырушылық қызметте жүрген білікті мамандардың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Еңбек адамының қадірін арттыру — елдің болашағына салынған жол. Жанар Елдосқызы сынды еңбекқор, жанашыр мамандар осы жолдың нағыз тірегі.