Нұржан Асан АҚШ-та шеберлік сабағын сәтті өткізді


- ВКонтакте
- Telegram
Грек-рим күресінен әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Нұржан Асан Лос-Анджелес қаласында екі апталық шеберлік сабағын сәтті өткізіп, халықаралық деңгейдегі жаттықтырушы ретінде тағы бір мәрте мойындалды.
2025 жылдың 26 мамырында басталған шеберлік сабағы маусымның 7-сіне дейін жалғасты. Оған Лос-Анджелестегі спорт мектептерінде дайындалатын жас балуандар мен олардың жаттықтырушылары қатысты. Нұржан Асан бұл шараға арнайы шақыртумен барып, жол және тұру шығындарының барлығы америкалық клуб тарапынан өтелді. Бұл — шетелдегі әріптестер тарапынан көрсетілген үлкен сенім мен құрмет.
Сабақ барысында Нұржан Асан көп жылғы кәсіби тәжірибесіне сүйеніп, әлемдік деңгейде қолданылатын күрес тәсілдерін көрсетті. Спортшылар мен жаттықтырушылар оның әдіс-тәсілдерін жоғары бағалап, шеберлігін ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, бұл сабақтар жас балуандар үшін үлкен серпін берген.
Нұржан Асан – халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып жүрген кәсіби спортшы. Ол 2022 жылы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері атанып, 2023 және 2024 жылдары қатарынан Азия чемпионы болды. Сонымен қатар, 2023 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет сурдлимпиадалық грек-рим күресінен әлем чемпионы атағын жеңіп алған.
Қазіргі таңда Нұржан Асан тек спортшы емес, халықаралық деңгейде танылған жаттықтырушы ретінде де мойындалып отыр. Оның Америкада өткізген бұл шеберлік сабағы – Қазақстан спортшыларының біліктілігі мен тәжірибесіне деген жаһандық сұраныстың айғағы.
Нұржан Асанның бұл сапары – еліміздің спорт саласындағы әлеуетін тағы бір мәрте көрсеткен сәтті бастама. Оның білімі мен тәжірибесіне сұраныс артып отырғаны – Қазақстанда тәрбиеленген спортшылардың кәсіби деңгейі жоғары екенін дәлелдейді.