Жамбыл облысында “Студенттік құрылыс жасағы” маусымы салтанатты түрде ашылды!


- ВКонтакте
- Telegram
Бүгін, 4 маусым күні, Жамбыл облысы әкімдігі, «Ауыл» партиясының Жамбыл облысы бойынша өңірлік филиалы және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ұйымдастыруымен студенттік және жастар құрылыс жасақтарының ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарды еңбекке баулу, жазғы кезеңде мағыналы жұмысқа тарту және азаматтық белсенділікті арттыру.
Салтанатты жиында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов, университет ректоры Махметғали Сарыбеков, партия филиалының төрағасы Алтай Райқұлов жастарға жүрекжарды құттықтау сөз арнап, сәттілік тіледі.
Өз сөзінде университет ректоры Махметғали Сарыбеков студенттердің белсенді еңбегін жоғары бағалап, студенттік және жастар жасақтарына қатысқан жастарға айлық жалақыдан бөлек, келесі оқу жылына оқу ақысына жеңілдік жасалатынын атап өтті.
Университет басшылығының мұндай ынталандыру бастамасын студенттер қауымы зор қуанышпен, ықыласпен қабылдады. Бұл – жастар еңбегінің бағалануы мен қолдаудың жарқын көрінісі.
Ерекше сәт – Ту табыстау рәсімі жасақтар арасындағы ауысымның жалғасын білдіріп, жастарға зор жауапкершілік жүктеді.
Іс-шара “Сарбаздар” әнімен қорытындыланып, студенттерді еңбек маусымына рухтандыра шығарып салды.
Жастар – ел тірегі. Еңбектен қашпайтын, болашаққа сеніммен қарайтын буынға сәттілік тілейміз!