Кәсіби бағдар – жарқын болашақ кепілі
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Экономика және бизнес» факультеті Т. Рысқұлов ауданына арнайы барып, кәсіби бағдар беру іс-шарасын өткізді. Бұл кездесу — ауыл мектебін бітіруші жастарға сапалы жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңінен таныстыруды мақсат етті.
Іс-шараның шымылдығын университеттің өнерлі студенттері дайындаған концерттік бағдарлама ашты. Ән мен күйге, би мен шабытқа толы кеш жиналған қауымның көңілінен шығып, жылы әсер сыйлады. Мұндай форматтағы бастама ауыл жастарының бойындағы рухты оятып, университет өміріне деген қызығушылығын арттырды.
Кеш жалғасында факультет оқытушылары мен жауапты мамандар оқушылар мен ата-аналарға арнап түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар университеттегі білім беру бағдарламалары, грант пен жеңілдіктер, жатақхана мәселесі мен қабылдау ережелері жайлы толыққанды ақпарат алды. Сонымен қатар, кәсіби бағыт-бағдар беретін ақпараттық парақшалар таратылып, болашақ мамандықты саналы таңдауға негіз қалады.
Сөз кезегін алған университеттің академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Ақмарал Қадырова білім сапасы, оқу үдерісі мен студенттік өмірдің артықшылықтары туралы баяндап, түлектерді болашақтарына үлкен жауапкершілікпен қарауға үндеді.
Шара соңында мектеп ұжымы мен ата-аналар тарапынан ризашылық білдіріліп, осындай кездесулердің ауыл жастары үшін маңызы зор екені атап өтілді.
Болашақ мамандығыңды бүгін таңда!
Өзіңе сен, мақсатыңа ұмтыл — дұрыс таңдау жарқын болашаққа бастайды.