«Жаһандық қарым-қатынас шеңбері»: Таразда халықаралық волонтерлер форумы басталды


- ВКонтакте
- Telegram
Бүгін Шерхан университетінде халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шара – «Жаһандық қарым-қатынас шеңбері» форумы өз жұмысын бастады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігімен қатар бұл форумның ұйымдастырушыларының бірі ретінде біздің университет те өз үлесін қосуда. Форум волонтерлік қозғалысты дамыту, тәжірибе алмасу және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Әзербайжан елдерінен келген қатысушыларды бір алаңға жинады.
Форумның алғашқы күнінде пленарлық сессия өтті. Онда еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі, Тараз қаласы әкімдігі және университет басшылығы құттықтау сөз сөйлеп, волонтерлік қызметтің маңыздылығы мен болашағына тоқталды.
Университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков форумның өңір жастары үшін маңызын ерекше атап өтіп:
«Шерхан университеті тек білім мен ғылымның емес, азаматтық белсенділік пен әлеуметтік жауапкершіліктің де ордасы. Волонтерлік — жастарды тәрбилеудің ең мықты мектебі», – деді.
Сонымен қатар, шетелдік делегаттар өз елдеріндегі еріктілік бағытындағы үздік тәжірибелермен бөлісіп, ортақ бастамаларды талқылады. Форум барысында 2026 жылы өтетін Тұрақты даму мақсатында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылына ұсыныстар әзірлеуге арналған фасилитациялық сессия ұйымдастырылды. Ал кешкі уақытта қонақтар үшін студенттердің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы өтті.
Университет ұжымы бұл форумның өтуіне белсенді атсалысып, шетелдік қонақтарды жоғары деңгейде қарсы алды. Мұндай ауқымды шаралар жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, халықаралық серіктестікті нығайтуға зор ықпал етеді. Екі күнге жоспарланған форумның жалғасы ертең панельдік пікірталастар мен практикалық шеберлік сабақтарымен өтпек.