Шерхан Мұртаза университетінде студенттерге арналған «ХХІ ғасырдағы сандық тұзақтар» тақырыбында танымдық лекция өтті
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің ұйымдастыруымен «ХХІ ғасырдағы сандық тұзақтар» немесе «Өзіңізді қаржылық алаяқтардан қалай қорғауға болады?» тақырыбында ақпараттық-танымдық лекция өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студент жастардың цифрлық қауіпсіздікке қатысты білімін арттыру, интернет алаяқтықтың алдын алу жолдарын үйрету және қаржылық қылмыстардың түрлі әдістерінен сақтану жолдарын түсіндіру.
Лекцияға Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы – Руслан Касимов арнайы қатысып, нақты деректер мен өмірлік мысалдар негізінде заманауи қаржылық қылмыстардың түрлері жайында баяндап, олардан сақтанудың тиімді тәсілдерін түсіндірді.
Ол өз сөзінде:
«Қазіргі таңда интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жасалатын алаяқтықтар көбейіп отыр. Жастардың цифрлық сауаттылығы мен құқықтық білімі – осындай қылмыстардың алдын алуда басты құрал» – деп атап өтті.
Студенттер тарапынан қойылған сұрақтар лекцияның интерактивті сипат алуына себеп болды. Қатысушылар өздерін қызықтырған мәселелер бойынша кеңес алып, заманауи қаржылық қауіптер туралы толыққанды мәлімет алды.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, цифрлық заманда дербес деректерді сақтау, қаржылық шешімдер қабылдау және интернет қауіпсіздігі салаларында саналы әрекет етуге ықпал етеді.