Қайырымдылық-игі істердің бастауы
Наурыз – жаңару мен ізгілік мерекесі. Оның аясында атап өтілетін Қайырымдылық күні – игі істердің, жанашырлық пен қолдаудың көрінісі. Осы орайда, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде отырып ойнайтын волейбол командасы құрылып, өз жаттығуларын бастады.
Бұл бастама – паралимпиадалық спорттың дамуына серпін беріп, ерекше жандарға жаңа мүмкіндік сыйлауға бағытталған. Қазіргі таңда команда университет базасында алғашқы жаттығуларын өткізіп, кәсіби деңгейде дайындалуға кірісті. Алдағы уақытта спортшыларды іріктеу кезеңі ұйымдастырылып, команда түрлі турнирлерге қатысуды жоспарлауда.
ХТУ паралимпиадалық спорттың дамуын қолдайды
Отырып ойнайтын волейбол – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделген спорт түрі. Бұл ойын денсаулығында белгілі бір шектеулері бар спортшыларға жарыстарға қатысуға, кәсіби спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Халықаралық Тараз университеті бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетуде. Команданың толыққанды жаттығуы үшін университет базасында арнайы жағдай жасалып, спортшыларға қажетті құрал-жабдықтар қамтамасыз етілуде. Бұл тек спорттық жетістіктерге жетуге емес, ерекше жандардың өмірге деген құлшынысын арттырып, қоғамда тең мүмкіндіктер қалыптастыруға септігін тигізеді.
Қайырымдылық – қолдау мен сенім ұялату
Қайырымдылық тек қаржылай көмекпен шектелмейді. Бұл – жанашырлық, шынайы қолдау және адамдарға жаңа мүмкіндік сыйлау. ХТУ қабырғасында бастау алған бұл игі іс – спорт арқылы ерекше жандардың әлеуетін ашуға, олардың жаңа жетістіктерге жетуіне жол ашуға арналған.
Қайырымдылық күнінде басталған бұл бастама университетіміздегі паралимпиадалық спорттың дамуына тың серпін береді деп сенеміз!