Түркия Республикасындағы жұмыс сапары: халықаралық серіктестіктің жаңа кезеңі

2026 жылғы 23–26 шілде аралығында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің (бұдан әрі – Шерхан Мұртаза университеті) делегациясы Түркия Республикасында жұмыс сапарымен болып, жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар және халықаралық серіктестермен бірқатар ресми кездесулер өткізді. Жұмыс сапары университеттің халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге, ғылыми байланыстарын нығайтуға және бірлескен білім беру мен ғылыми жобаларды дамытуға бағытталды.
Жұмыс сапары аясында делегация Istanbul Technical University, Istanbul Nişantaşı University, Biruni University, Анкара университетінің TÖMER орталығы, сондай-ақ TÜBİTAK пен ULUG Network ұйымдарының басшыларымен және Түркияның ғылыми-білім беру қауымдастығының өкілдерімен ресми кездесулер өткізді.
Istanbul Technical University университетімен өткен кездесуде инженерия, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, ғылыми зертханаларды бірлесіп пайдалану, академиялық ұтқырлықты дамыту, зерттеушілер алмасу және халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыру бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою және оны іске асырудың жол картасын әзірлеу бойынша келісімге келді.
Istanbul Nişantaşı University университетімен академиялық ұтқырлықты кеңейту, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер алмасуын дамыту, қос диплом және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық гранттық жобаларға бірлесіп қатысу мәселелері бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Biruni University университетімен педагогика, денсаулық сақтау, әлеуметтік ғылымдар және басқа да білім беру бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамыту перспективалары қарастырылды. Сонымен қатар Executive Master of Business Administration (EMBA) бағдарламасы аясындағы «Management in Healthcare» бағыты бойынша тағылымдамаларды ұйымдастыру және университеттер арасында ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеу жөнінде келісім жасалды.
Анкара университетінің TÖMER орталығында өткен кездесуде Шерхан Мұртаза университетінің базасында TÖMER үлгісіндегі түрік тілін оқыту курстарын кезең-кезеңімен енгізу, оқытушылардың біліктілігін арттыру, оқу-әдістемелік тәжірибе алмасу және халықаралық сертификаттау жүйесін енгізу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар TÜBİTAK және ULUG Network ұйымдарының өкілдерімен кездесулер барысында халықаралық ғылыми жобаларды бірлесіп әзірлеу, гранттық бағдарламаларға қатысу, ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру және түркі мемлекеттерінің ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды.
Жұмыс сапары барысында Шерхан Мұртаза университетінің халықаралық даму стратегиясының негізгі бастамалары таныстырылды. Атап айтқанда, AgroScienceHub ғылыми-инновациялық платформасын дамыту, Шерхантану және түркологиялық зерттеулер институтын құру, халықаралық ғылыми орталықтармен байланыстарды нығайту және шетелдік студенттерді тарту бағытындағы жұмыстар халықаралық серіктестер тарапынан қызығушылық тудырды.

Делегация Study in Kazakhstan – EKET FAIRS University Preference Fair 2026 халықаралық білім беру көрмесіне қатысып, университеттің білім беру бағдарламаларын, ғылыми әлеуетін және халықаралық мүмкіндіктерін Түркияның талапкерлеріне, ата-аналарына және білім беру ұйымдарының өкілдеріне таныстырды. Көрме аясында жаңа халықаралық байланыстар орнатылып, шетелдік талапкерлерді тарту бойынша келіссөздер жүргізілді.
Жұмыс сапарының маңызды оқиғаларының бірі – Telenews халықаралық ақпараттық платформасына берілген сұхбат болды. Сұхбат барысында Шерхан Мұртаза университетінің ғылыми әлеуеті, халықаралық ынтымақтастық саясаты, халықаралық рейтингтерге қатысу стратегиясы, шетелдік студенттерді тарту бағытындағы жұмыстары және университеттің даму басымдықтары халықаралық аудиторияға кеңінен таныстырылды.
Қорытынды
Түркия Республикасына жасалған жұмыс сапары Шерхан Мұртаза университетінің халықаралық серіктестік аясын кеңейтуге бағытталған маңызды кезең болды. Сапар нәтижесінде академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық гранттарға қатысу және түрік жоғары оқу орындарымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Қазіргі уақытта қол жеткізілген келісімдерді іске асыру мақсатында меморандумдарға қол қою, жол карталарын әзірлеу және бірлескен жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
Шерхан Мұртаза университеті халықаралық әріптестік географиясын кеңейту, ғылым мен білім беру сапасын арттыру және әлемдік академиялық кеңістіктегі өз орнын нығайту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыра береді.

26 Шілде 2026
174