ШЕРХАН МҰРТАЗА УНИВЕРСИТЕТІ ISTANBUL TECHNICAL UNIVERSITY УНИВЕРСИТЕТІМЕН ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІН БАСТАДЫ

2026 жылғы 25 шілдеде Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласында өткен «Study in Kazakhstan – EKET FAIRS University Preference Fair 2026» халықаралық білім беру көрмесі аясында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің делегациясы жетекші түрік жоғары оқу орындарымен бірқатар ресми кездесулер өткізді. Солардың бірі – әлемдегі жетекші инженерлік жоғары оқу орындарының бірі саналатын Istanbul Technical University (ITU) университетімен өткен кездесу болды.

Кездесу барысында инженерлік білім беру, ғылыми зерттеулер, инновациялар және технологиялық даму салаларындағы стратегиялық әріптестікті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар халықаралық зерттеу жобаларын жүзеге асыру, инженерлік және техникалық бағыттар бойынша білім беру бағдарламаларын жетілдіру, академиялық және ғылыми байланыстарды нығайту жөніндегі өзара мүдделерін білдірді.

Келіссөздер аясында қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, профессор-оқытушылар құрамы мен зерттеушілердің академиялық алмасуын дамыту, бірлескен ғылыми зертханалар құру, халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу, жоғары импакт-факторлы журналдарда ғылыми мақалалар жариялау, сондай-ақ жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, тұрақты даму және инженерлік инновациялар бағыттарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Istanbul Technical University – инженерлік ғылымдар мен технологиялар саласында халықаралық деңгейде танылған жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Осыған байланысты аталған серіктестік Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ғылыми әлеуетін күшейтуге, халықаралық ғылыми жобаларға қатысу аясын кеңейтуге және университеттің әлемдік академиялық қауымдастықтағы позициясын нығайтуға ықпал етеді.

Кездесу қорытындылары Қазақстан мен Түркияның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруға және халықаралық академиялық байланыстарды одан әрі дамытуға негіз болады.

26 Шілде 2026
100