Ташкентте жоғары білім беруді дамыту мәселелеріне арналған халықаралық конференция өтті

2026 жылғы 19–20 қарашада Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында Erasmus+ бағдарламасы аясында «Жоғары білім беруді дамытудың перспективалары» (Perspectives of Higher Education Development) тақырыбындағы халықаралық конференция және «Ғылыми ақпаратқа қолжетімділік және жарияланымдық белсенділік» (Access to Scientific Information and Publication Activity) атты ғылыми-білім беру форумы ұйымдастырылды.
Халықаралық іс-шараға Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдерінің жоғары оқу орындарының өкілдері, халықаралық сарапшылар, ғалымдар мен білім беру саласының мамандары қатысты.

Ташкент мемлекеттік экономикалық университетінде өткен конференция барысында жоғары білім беру жүйесін жаңғырту, білім сапасын қамтамасыз ету, университеттердің академиялық дербестігін арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні білім беру мен ғылымға енгізу, академиялық ұтқырлықты кеңейту және білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіру бағыттарына ерекше назар аударылды.

Ғылыми-білім беру форумы аясында халықаралық ғылыми дерекқорларды тиімді пайдалану, ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру және академиялық адалдық мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, EBSCO платформасының мүмкіндіктері, жасанды интеллект көмегімен ғылыми әдебиеттерді іздеу, ғылыми дереккөздерді талдау және зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыру құралдары таныстырылды.
Сондай-ақ қатысушылар жоғары білім сапасын бағалаудың заманауи тәсілдері, микробіліктіліктер жүйесін енгізу, өмір бойы білім алу және Erasmus+ бағдарламасы аясындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

Аталған халықаралық іс-шара жоғары білім беру мен ғылым саласындағы озық тәжірибелерді зерделеуге, академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және университеттердің халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялануына мүмкіндік беретін маңызды алаң болды.
Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық басқармасы

20 Қараша 2026
47