Шерхан университетінде «Education & Career Forum-2026» форумы өтті

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен «EduKey» оқыту орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Education & Career Forum-2026» кәсіби бағдар беру форумы өтті.
Іс-шараға өңір мектептерінің үздік оқушылары, жетекшілері мен кәсіби бағдар беруші мамандар қатысты. Форумның негізгі мақсаты – мектеп оқушыларына болашақ мамандығын дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беру, жоғары білім алу мүмкіндіктерін таныстыру және кәсіби дамуына жол ашу.

Академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Қадырова Ақмарал Сатбековна, «EduKey» оқыту орталығының директоры Ерлан Мұрзабайұлы Копейсинов қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, білім мен кәсіби бағдардың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар ҰБТ-дағы жаңалықтар мен өзгерістер, университеттің ректор гранты, білім алушыларға арналған жеңілдіктер, ішкі гранттар және «EduKey» оқыту жүйесі туралы ақпарат берілді.

Кездесу барысында мамандық таңдау мәселесіне ерекше назар аударылып, оқушылардың қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтауға бағытталған сауалнамалар жүргізілді. Қатысушылар Kahoot зияткерлік ойынына, түрлі квиздер мен интерактивті тапсырмаларға қатысып, белсенділік танытты.
Форумның екінші алаңында мектеп басшылары мен кәсіби бағдар беруші мамандарға арналған кездесу өтіп, университеттің білім беру платформасы мен шеберлік сабақтары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесуді университеттің «Рекрутинг және мансаптық даму» орталығының басшысы Жолдасова Орынқыз Көпбосынқызы жүргізді.

«Education & Career Forum-2026» – мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтып, жас түлектердің кәсіби бағдарын айқындауға және болашаққа нық қадам жасауына мүмкіндік беретін маңызды алаң.

03 Қараша 2026
274