Университет өкілдері NUGSE-2026 халықаралық конференциясына қатысты

2026 жылғы 27–28 қазанда Назарбаев Университетінде «Оқыту мен оқытушылар құрамының өзара байланысы – кемелдік негізі: жоғары білім сапасын арттыру жолындағы серіктестік» тақырыбында NUGSE-2026 халықаралық оқыту конференциясы өтті.
Конференцияға Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Сапаны қамтамасыз ету және аккредиттеу» басшысы Букутова А.С., Академиялық саясат басқармасы «Құзыреттіліктерді дамыту» секторының жетекшісі Б.Жайлауқызы, «Бастапқы әскери дайындық және шығармашылық мамандықтар» кафедрасының меңгерушісі және «Жалпы педагогика» кафедрасының сеньор-лекторлары Пірәлі Ф.Е. және Сманова Ұ.К. қатысты.

Іс-шарада Оксфорд университетінің профессоры Роджер Далримпл, Advance HE өкілі Стюарт Нортон, QAA сарапшысы доктор Роб Страуд, Мичиган мемлекеттік университетінің профессоры Дуглас Хартман және Миннесота университетінің профессоры Марина Алейшо баяндама жасады. Назарбаев Университетінің профессорлары Дэниел Торрано, Альпер Чалыкоглу және Назира Әміржанованың қатысуымен «Жасанды интеллект туралы студенттер мен оқытушылар диалогі» тақырыбында панельдік пікірталас ұйымдастырылды. Параллель секцияларда генеративті жасанды интеллект, академиялық адалдық, цифрлық оқыту, инклюзивті педагогика, бағалау, білім алушылардың әл-ауқаты, оқытушылардың кәсіби дамуы және академиялық көшбасшылық мәселелері талқыланды.

Қатысушылардың конференциядан кейінгі ой-пікірлері*
«Сапаны қамтамасыз ету және аккредиттеу» басшысы Букутова А.: «Менің кәсіби қызметім үшін конференциядан түйген негізгі ойым - ұйымдар нормативтік талаптарды сақтау (compliance) мен сапаны қамтамасыз етуді (quality assurance) сапаны жетілдірудің (quality enhancement) негізіне айналдырған кезде ғана жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Сапаны жетілдіру трансформациялар мен инновацияларды көздейді. Ал сапаны бақылау (quality control), керісінше, нәтижеге бағытталады, проактивті емес, реактивті сипатқа ие және кемшіліктерді түзету құралы ретінде қолданылады. Менің ойымша, жоғары оқу орындары нормативтік талаптарды сақтау, сапаны қамтамасыз ету, сапаны жетілдіру және сапаны бақылау үдерістерін өзара үйлесімді әрі сауатты ұштастыру жолдарын байыпты қарастыруы қажет».
«Бастапқы әскери дайындық және шығармашылық мамандықтар» кафедрасының меңгерушісі Таукебаева К.: «Студент пен оқытушы арасындағы серіктестіктің білім сапасын арттырудағы маңызы ерекше айтылды. Білім алушыны оқу үдерісінің белсенді қатысушысы ретінде қабылдау – заманауи педагогиканың негізгі қағидаларының бірі».
Академиялық саясат басқармасы «Құзыреттіліктерді дамыту» секторының жетекшісі Б.Жайлауқызы: «Жасанды интеллект болашақтың технологиясы ғана емес, күнделікті кәсіби қызметіміздің маңызды құралына айналды. Оны бүгіннен бастап меңгеріп, жұмысымызға тиімді енгізуіміз қажет».

«Жалпы педагогика» кафедрасының сеньор-лекторы Сманова Ұ.: «Жасанды интеллект мүмкіндіктерін педагогикалық мақсаттармен үйлестіре пайдалану маңызды. Оны қолдануда академиялық адалдық пен жауапкершілік қағидалары әрдайым басшылыққа алынуы тиіс».
«Жалпы педагогика» кафедрасының сеньор-лекторы Пірәлі Ф.: «Инклюзивті білім беру мен әр білім алушының жеке ерекшеліктерін ескеруге арналған баяндамалар ерекше әсер қалдырды. Психологиялық тұрғыдан қауіпсіз, қолжетімді және қолдаушы орта қалыптастыру – қазіргі оқытушының маңызды кәсіби міндеті».
Конференцияға қатысу университеттің білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, оқытудың заманауи технологияларын енгізуге, академиялық сапа мәдениетін нығайтуға және халықаралық тәжірибені оқу үдерісінде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

30 Қазан 2026
379