«Елорда жастары Әулиеатада»: ЕҰУ студенттері Шерхан университетінде қонақта болды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Менің елім» тарихи-өлкетанымдық жобасы аясында ұйымдастырылған «Елорда жастары Әулиеатада» сапары барысында елордадан келген студенттер Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетіне арнайы келді.
Сапардың мақсаты – жастардың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру, өңірлер арасындағы рухани байланысты нығайту және жоғары оқу орындары студенттерінің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
Кездесу барысында екі университеттің студенттері бас қосып, дөңгелек үстел аясында пікір алмасты. Жиында жастар арасындағы ынтымақтастық, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және рухани сабақтастықты сақтау мәселелері қозғалды. Шерхан университетінің белсенді жастары қонақтарды оқу орнының тыныс-тіршілігімен, студенттік өмірімен және жастар бастамаларымен таныстырды. Сонымен қатар, қонақтарға арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Кездесу барысында Астанадан келген ЕҰУ студенттері жыр арнауларын ұсынып, қазақ руханияты мен ұлттық өнерге деген құрметтерін білдірді. Өлеңмен өрілген жүрекжарды тартулар кездесудің мазмұнын байытып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Сапар бағдарламасы аясында қонақтар Шерхантану ғылыми институтының жұмысымен де танысты. Институт қызметкерлері оның ғылыми-зерттеу бағыттары, Шерхан Мұртазаның шығармашылық мұрасын зерделеу және жазушының рухани құндылықтарын насихаттау бағытындағы қызметі туралы мәлімет берді. Бұл танысу елордадан келген студенттерге қазақ әдебиеті мен ұлттық мәдениеттің көрнекті тұлғаларының мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Тағылымды кездесу екі жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайтып, студенттердің өзара тәжірибе алмасуына жол ашты. Сондай-ақ жастардың тарихи-мәдени мұраны тануына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуіне және рухани сабақтастықты дамытуына ықпал етті.

29 Қазан 2026
228