Студент қауіпсіздігі мен құқықтық мәдениет мәселелері талқыланды

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде бірінші курс студенттері мен шетелдік білім алушыларға арналған «Студент қауіпсіздігі және құқықтық мәдениет» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
«Өз құқығыңды біл – қауіпсіздігіңді сақта – жауапкершілігіңді түсін» қағидасы аясында ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Кездесуге Жамбыл облысындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Еркін Қуанышев, облыстық Полиция департаментінің салалық басқармаларының қызметкерлері, университет басшылығы, заң қызметінің өкілдері, куратор-эдвайзерлер мен студенттер қатысты.

Кездесуді университеттің стратегиялық даму, ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Гүлнұр Исабекова ашып, білім алушылар үшін қауіпсіз, қолайлы әрі құқықтық тұрғыдан қорғалған академиялық ортаны қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Жамбыл облысындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Еркін Қуанышев студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтары бұзылған жағдайда тиісті органдарға жүгіну және өтініштерді қарау тәртібі туралы түсіндірді.
Университет заңгері Ерғали Матжанов білім алушылардың құқықтары мен міндеттеріне, ішкі тәртіп ережелеріне, академиялық адалдық қағидаттарына және құқықтық мәселелер туындаған жағдайда университет тарапынан көрсетілетін көмекке тоқталды.

Қазіргі таңда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Қытай, Түркия, Пәкістан, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан келген 186 шетелдік студент білім алуда.
Осыған байланысты кездесуде шетелдік білім алушылардың Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі, құжаттарды уақытылы рәсімдеу және көші-қон заңнамасының талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жамбыл облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Мадияр Қожахметов шетелдік студенттердің құқықтық мәртебесі, ел аумағында болу мерзімдерін сақтау және қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібі жөнінде ақпарат берді.

Кездесу барысында облыстық Полиция департаментінің өкілдері құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықтық жауапкершілік және күнделікті өмірдегі қауіпсіздік мәселелерін түсіндірді.
Студенттердің назарын интернет-алаяқтықтан сақтану, жеке деректерді қорғау, қаржылық қауіпсіздік және әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарды ажырата білу мәселелеріне аударды.
Сонымен қатар Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Кемеңгер Абдибеков жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу, заңсыз әрекеттерге тартылу қаупі және олардың құқықтық салдары туралы баяндады.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері арнайы дайындаған құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткі қылмыстары, интернет-алаяқтық және жеке қауіпсіздік тақырыптарындағы ақпараттық бейнероликтер көрсетілді. Көрнекі материалдар студенттердің ықтимал қауіп-қатерлерді тануына және олардан сақтану жолдарын түсінуіне бағытталды.
Кездесу соңында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, студенттер адам құқықтарын қорғау, қоғамдық қауіпсіздік, құқықтық жауапкершілік, интернет-алаяқтық және көші-қон мәселелері бойынша мамандардан тікелей жауап алды.
Тағылымды кездесу білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінуіне және қауіпсіз академиялық орта қалыптастыруға саналы түрде қатысуына ықпал етті.

19 Қазан 2026
234