Студенттер қатарына қабылдау кеші өтті

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде 1-курс білім алушыларына арналған «Welcome to Sherkhan University-2026» студенттерді қабылдау кеші өтті.

Биыл 3 мыңнан астам жас өздерінің білім мен кәсіби дамуына бағыт алған маңызды қадамын Шерхан университетімен байланыстырып, университетімізді таңдады. Жаңа оқу жылында университет қабырғасында білім алушылардың жаңа легі қалыптасып, жас студенттер үлкен студенттік өмірге қадам басты.

Салтанатты кештің басты мақсаты – университет табалдырығын алғаш аттаған білім алушыларды жаңа ортамен таныстыру, студенттік өмірге бейімдеу, жастарға университеттің мүмкіндіктерін таныстырып, алғашқы күннен бастап ерекше көңіл күй сыйлау.

Шара барысында университет ректоры Махметғали Сарыбеков 1-курс студенттерін жаңа оқу жылымен құттықтап, білім жолында табыс, үздік нәтижелер мен толағай жетістіктер тіледі. Ректор өз сөзінде студенттік кезеңнің адам өміріндегі маңызды әрі есте қаларлық уақыттардың бірі екенін атап өтіп, жастарды білім алуға, ізденуге және университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласуға шақырды.

Кеш барысында студенттер университеттің шығармашылық және қоғамдық ортасымен танысып, жастардың өнерін тамашалады. Түрлі концерттік бағдарламалар, музыкалық және шығармашылық қойылымдар кештің мазмұнын толықтырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Алда студенттерді жаңа білім, жаңа мүмкіндіктер, қызықты жобалар мен айтулы жетістіктер күтіп тұр. Студенттерімізге білім жолында сәттілік тілейміз!


23 Қыркүйек 2026
113