Sherkhan Murtaza University мен Yessenov University аквакультура саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді

Sherkhan Murtaza University-ге Yessenov University Коммерцияландыру офисінің жетекшісі Қарақойшиев Абзал Бақытжанұлы жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында Абзал Бақытжанұлы университет ректорымен кездесіп, екі жоғары оқу орны арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылады. Кездесу барысында аквакультура және балық шаруашылығы бағытында бірлескен ғылыми және қолданбалы жобаларды іске асыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, тәжірибе алмасу, білім беру бағдарламаларын дамыту және ғылыми-өндірістік байланысты нығайту жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.

Жұмыс сапары барысында Yessenov University өкілі Sherkhan Murtaza University-дің Аквакультура ғылыми - өндірістік орталығының қызметімен танысты. Орталықтың материалдық-техникалық базасы, балық өсіру бағытындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстары, сондай-ақ білім беру үдерісін өндірістік тәжірибемен ұштастыру мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесуде университетте жүзеге асырылып жатқан «Балық шаруашылығы» білім беру бағдарламасына ерекше назар аударылды. Бағдарлама білім алушылардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға, заманауи балық өсіру және аквакультура технологияларын меңгеруіне, теориялық білімдерін нақты өндірістік ортада тәжірибемен ұштастыруына бағытталған. Аквакультура өндірістік орталығы осы бағыттағы мамандарды даярлаудың маңызды тәжірибелік және ғылыми базаларының бірі болып табылады.

Абзал Бақытжанұлы Sherkhan Murtaza University-де қалыптасқан тәжірибеге қызығушылық танытып, Yessenov University-де де аквакультура және балық шаруашылығы бағыты бойынша білім беру бағдарламасын дамыту жоспарланып отырғанын жеткізді. Осыған байланысты екі университеттің ғылыми, білім беру және өндірістік әлеуетін біріктіру, тәжірибе алмасу және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Тараптар алдағы уақытта аквакультура және балық шаруашылығы саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және қолданбалы жобаларды әзірлеу, білім беру бағдарламалары бойынша тәжірибе алмасу, профессор-оқытушылар құрамы мен зерттеушілер арасындағы кәсіби байланысты кеңейту, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру және өндірістік серіктестікті дамытуға мүдделілік білдірді.

Sherkhan Murtaza University үшін «Балық шаруашылығы» білім беру бағдарламасын ғылыми зерттеулермен және өндірістік тәжірибемен сабақтастыра дамыту – еңбек нарығының заманауи талаптарына жауап беретін білікті мамандар даярлаудың маңызды бағыты. Университеттің осы саладағы тәжірибесіне өзге жоғары оқу орындарының қызығушылық танытуы қалыптасқан ғылыми-білім беру және тәжірибелік әлеуетті одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға және білім, ғылым мен өндіріс интеграциясына негізделген бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

11 Қыркүйек 2026
116