Халықаралық конференция және маңызды серіктестік

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Жасанды интеллект және академиялық адалдық: адал азамат тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық негіздері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, оқытушылар мен білім саласының мамандары қатысып, заманауи білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Конференция барысында білім беру үдерісінде жасанды интеллект технологияларын тиімді қолданудың педагогикалық мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар, академиялық адалдық мәдениетін қалыптастырудың психологиялық және педагогикалық аспектілері, цифрлық білім беру ортасында адал азамат тәрбиелеудің құндылықтық және этикалық мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар жасанды интеллектті жауапты әрі этикалық тұрғыда қолданудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Конференция аясында маңызды халықаралық әріптестікке де қол жеткізілді. Атап айтқанда, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім екі оқу орны арасындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға, академиялық ұтқырлықты арттыруға және білім беру саласындағы тәжірибе алмасуды нығайтуға жол ашады.

Аталған конференция мен меморандум – білім мен ғылымды ұштастыра отырып, заманауи талаптарға сай бәсекеге қабілетті, адал әрі саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам.

23 Сәуір 2026
92