Халықаралық әріптестікке жаңа серпін: Нидерланд Елшісі университетімізде

Нико Схермес – Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шерхан Мұртаза атындағы университетіне арнайы сапармен келді.

Кездесу аясында мәртебелі мейман ең алдымен университет ректорымен және басшылық құрамымен жүздесті. Ресми қабылдау барысында оқу орнының даму стратегиясы, халықаралық байланыстары, білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу бағыттары туралы кеңінен ақпарат берілді. Ректор университеттің жетістіктері мен болашақ жоспарларына тоқталып, шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін атап өтті.

Одан кейін Елші студенттермен ашық форматтағы кездесуге қатысты. Еркін пікір алмасу барысында білім алушылар Нидерландтың білім беру жүйесі, жастар саясаты, халықаралық гранттар мен академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойды. Нико Схермес мырза өз кезегінде Нидерланд елінің инновация, тұрақты даму және жасыл технологиялар саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу студенттер үшін мазмұнды әрі тағылымды болды. Олар халықаралық деңгейдегі дипломатпен тікелей сұхбаттасып, Еуропа елінің мәдениеті мен білім беру жүйесі туралы тың ақпарат алды.

Бұл жүздесу университетіміздің халықаралық ынтымақтастық көкжиегін кеңейтіп, болашақ бірлескен жобаларға жол ашады деген сенімдеміз.

19 Ақпан 2026
102