Болашақ агро-көшбасшыларға бағытталған маңызды қадам

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Digital Agroleaders 2026» студенттік конкурсының аясында «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының қатысуымен Мансап күні өтті.
Іс-шара барысында компания өкілдері студенттерге «Digital Agroleaders 2026» конкурсының мақсаты мен кезеңдері туралы кеңінен ақпарат беріп, агроөнеркәсіп саласындағы заманауи цифрлық технологиялар, кәсіби даму мүмкіндіктері және компаниядағы мансаптық перспективалар жөнінде таныстырылым жасады. Сонымен қатар, қатысушылар конкурсқа қатысу шарттары, тағылымдамадан өту және шетелдік серіктес зауыттарға бару мүмкіндіктері туралы толық мәлімет алды.

Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан тікелей кері байланыс алды. Мұндай форматтағы іс-шаралар білім алушылардың теориялық білімін практикамен ұштастыруға, кәсіби бағдарын айқындауға және жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік береді.
Университет басшылығы аталған бастаманы қолдай отырып, білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және болашақ мамандарды даярлау бағытындағы әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

11 Ақпан 2026
61