10-шы Халықаралық студенттік симпозиум – 2025: университет өкілдері марапатталды

Зерттеу және шығармашылық ізденісті қолдау мақсатында 2025 жылғы 15 қарашада Джизак мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен 10-шы Халықаралық студенттік симпозиум – 2025 өтті.
Аталған халықаралық ғылыми шараға Жаңа Зеландия, Өзбекстан, Румыния және Әзірбайжан елдерінен келген студенттер қатысып, симпозиумның халықаралық деңгейін айқындай түсті. Шара барысында қатысушылар өзекті ғылыми тақырыптар аясында баяндамалар жасап, тәжірибе алмасты.

Симпозиумға біздің университеттен 15 жетекші мен 32 студент қатысып, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларын ұсынды.
Айта кетерлігі, 2024 жылы 5 жетекші мен 8 студент қатысқан болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай артып, 15 жетекші мен 32 студентке жетті. Бұл университетімізде ғылыми-зерттеу және шығармашылық ізденіске деген қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді.

Симпозиум қорытындысы бойынша қатысушылар белсенділігі мен жоғары дайындық деңгейі үшін алғыс хаттар мен қатысу сертификаттарымен марапатталды. Бұл марапаттар – олардың еңбегі мен ғылыми ізденісіне берілген жоғары баға.

Аталған халықаралық іс-шара университетіміздің ғылыми әлеуетін нығайтып, студенттердің академиялық және шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге зор үлес қосты. Университет басшылығы қатысушыларға алғыс білдіріп, алдағы уақытта да жаңа жетістіктер тіледі.

26 Желтоқсан 2025
187