Шерхан университетінің ардагерлер ұйымының жылдық есебі өтті

Жиын барысында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Жұмаділдаев Мұрат баяндама жасап, ұйымның атқарған жұмыстары бойынша қорытынды есеп берді.
Баяндамада ардагерлер ұйымының сандық және сапалық құрамы жөнінде нақты статистикалық мәліметтер ұсынылды. Айта кетейік, университет ардагерлерінің жалпы саны 60 адамды құрайды. Сондай-ақ ардагерлердің 50-і ғылыми дәрежеге ие, оның ішінде 9 ғылым докторы және 41 ғылым кандидаты бар екені атап өтілді.

Сонымен қатар ардагерлердің жастармен тағылымы мол кездесулер өткізіп жүргені, сондай-ақ 2024–2025 оқу жылында баспадан көптеген оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар шығарғаны айтылды.
Кездесу барысында бірқатар ұсыныстар айтылып, ардагерлер ұйымының алдағы кезеңге арналған жұмыстары талқыланды.
Сондай-ақ ардагерлер құрамының жаңа кеңесі бекітілді.

Жиын соңында университет ректоры ардагерлер кеңесінің жұмысына ерекше көңіл бөлу қажеттігін, жастар әрдайым назарда болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар ардагерлердің студенттермен жиі кездесіп, тәлім-тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды күшейтуі маңызды екені айтылды.
Шара соңында университет ректоры Махметғали Нұрғалиұлы ардагерлерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.


30 Желтоқсан 2025
125