Шерхан университетіне қарасты колледждің жаңа ғимараты ашылды

Бүгін Жоғарғы Тараз инновациялық көпсалалы колледжінде білім беру кеңістігін кеңейтуге бағытталған жаңа заманауи оқу корпусының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл күн – оқу ордасының тарихындағы маңызды белестердің бірі.

Көк лентаны қию құрметі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Байұзақұлы Саурықовқа, «АУЫЛ» партиясы төрағасының орынбасары Құсманғали Ғалымжан Мұратұлына берілді.

Ашылу рәсіміне облыстық білім басқармасының өкілдері, Тараз қаласындағы колледж директорлары, сондай-ақ арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысып, маңызды сәттің куәсі болды.

Заманауи білім ошағы – студенттер игілігі үшін
Рәсімнен кейін делегация жаңа ғимаратты аралап, колледж инфрақұрылымымен танысты. Колледж директоры Мырзабекова Ляззат Турсыналиевна оқу орнының дамуы, жетістіктері және болашақ жоспарлары туралы мазмұнды таныстырылым жасады.

Жаңа оқу корпусында:
• кең әрі жарық аудиториялар,
• заманауи спорт залы,
• жаңартылған кітапхана,
• мультимедиялық мәжіліс залы,
• өндірістік шеберханалар мен арнайы кабинеттер
сияқты толыққанды білім беру ортасы жасақталған. Қонақтар спорт залдың кеңдігі мен сапалы құрал-жабдықтарын, оқу кабинеттеріндегі жаңа технологияларды ерекше бағалады.
Кітапханада заманауи электронды дерекқорлар, жаңартылған әдеби қор көрсетіліп, қонақтар дәстүр бойынша «Қонақтар кітабына» өз тілектерін жазып қалдырды.

Студенттердің еңбегі – колледждің мақтанышы
Терассада өткен жұмысшы мамандықтар көрмесінде:
• «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу»,
• «Ветеринария»,
• «Орман шаруашылығы»
бағыттары бойынша студенттердің үздік жұмыстары ұсынылып, қонақтар тарапынан жоғары бағасын алды.

Салтанатты жиналыс
Акт залында өткен ресми жиналыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Байұзаұлы, «АУЫЛ» партиясы төрағасының орынбасары Құсманғали Ғалымжан Мұратұлы, сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы сөз сөйлеп, жаңа ғимараттың маңызын атап өтті. Университет атынан құрметті қонақтарға естелік сыйлықтар табысталды.

Жаңа деңгейге көтерілген материалдық база
Делегация колледждің қосымша корпусымен, оқу кабинеттерімен, өндірістік шеберханаларымен танысып, білім беру инфрақұрылымының жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Қорытынды
Жоғарғы Тараз инновациялық көпсалалы колледжі бірнеше жылдан бері аймақта білікті мамандар дайындап келе жатқан құралымды білім ордасы. Жаңа корпус – студенттерге жасалған үлкен мүмкіндік, сапалы білім мен тәжірибені ұштастыруға арналған жаңа кеңістік.
Жаңа оқу ғимараты құтты болсын!

12 Желтоқсан 2025
235