Белгілі актер Аян Өтепберген студенттермен кездесті

Бүгін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде танымал театр және кино актері Аян Өтепбергенмен шығармашылық кездесу өтті. Кездесуге университет студенттері, жас өнерпаздар және оқытушылар қауымы қатысып, актердің шығармашылық жолына қатысты қызықты әңгімелерін тыңдады.
Шара барысында Аян Өтепберген өзінің өнер жолындағы тәжірибесімен, шығармашылық ізденістерімен және кино саласындағы ойларымен бөлісті. Студенттер актерден мотивация, шеберлік шыңдау, жаңа жобалар және кино индустриясының даму бағыттары туралы сұрақтар қойып, жан-жақты пікір алмасты.

Кездесу аясында Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Гүлшат Қамбарбекқызы қонақты университеттің қалыптасу тарихымен таныстырып, оқу орнымыздың жетістіктері мен бүгінгі даму бағыты туралы әңгімелеп өтті. Сонымен қатар естелік ретінде Шерхан Мұртазаның кітаптарын актерге сыйлыққа тарту етті.
Аян Өтепберген жастарды өнер жолында табанды болуға, еңбектеніп, өз қабілеттерін үнемі дамытып отыруға шақырды. Ол табысқа жетудің негізгі кілті — адал еңбек пен үздіксіз ізденіс екенін ерекше атап өтті.

Кездесу соңында студенттер актерге алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.

05 Желтоқсан 2025
193