Салауатты өмір-жастар таңдауы

1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде жастардың АИТВ/ЖИТС туралы сауаттылығын арттыру, жұқпаның алдын алу шараларын күшейту, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында салауаттылық байқауы өтті. Іс-шара жас буынды зиянды әдеттерден алшақ болуға шақырып, денсаулықтың қоғамдағы ең басты құндылық екенін ұғындыруға бағытталды.

Байқауда студенттер үш бағыт бойынша өзара жарысты. «Салауатты өмір салты» тақырыбында түсірілген видеороликтер арқылы салауатты болудың заманауи тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар алдын ала дайындалған плакаттар көрмесіне қатысып, жұқпаның алдын алу мен жеке жауапкершілікке қатысты креативті идеяларын ұсынды. Ал «АИТВ/ЖИТС», «Қауіпсіздік мәдениеті», «Алғашқы медициналық көмек» бағыттарындағы сұрақ-жауап бөлімінде білім деңгейі мен ақпараттық сауаттылықтарын дәлелдеді.

Әр факультеттен жасақталған командалар белсенділік танытып, қоғам үшін маңызды мәселеге бейжай қарай алмайтындарын айқын көрсетті.
Байқау жұмыстарын бағалау үшін өз саласының кәсіби мамандарынан құралған әділ қазылар алқасы шақырылды. Олар – Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері Досымова Индира Мумархановна, облыстық жастар денсаулық орталығының жетекшісі, психолог Қалдыбаева Гүлзира Бекболатовна және Жастар саясаты және тәрбие жұмысы басқармасының маманы Абаева Арай Қадырханқызы. Сарапшылар жастардың мәселеге деген жауапкершілігі мен ақпаратты дұрыс жеткізуіне ерекше назар аударды.

Нәтижесінде үздік атанған факультеттер анықталды: I орын – Экономика факультеті, II орын – Жаратылыстану факультеті, III орын – Педагогика факультеті жеңіп шықты. Қалған факультеттерге белсенді қатысқандары үшін Алғыс хаттар табысталды. Қатысушылар шара соңында салауатты өмір салтын сақтап, әр адам өз денсаулығы үшін өзі жауапты екенін атап өтті.
Мұндай алдын алу бағытындағы тәрбиелік маңызы зор жұмыстар Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде алдағы уақытта да жалғасын табады.

28 Қараша 2025
173