ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары ХТУ студенттерімен кездесті

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Болат Бақбергенұлы Керімбек пен Бақытжан Жұмабекұлы Базарбек студент жастармен кездесіп, ашық пікір алмасу өткізді.
Кездесу барысында халық қалаулылары елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар, заң қабылдау тәртібі және мемлекеттік басқаруды жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы жан-жақты түсіндірді.

Депутат Болат Бақбергенұлы Керімбек “Әкелер одағын” құру бастамасы жөнінде айтып, әкелердің қоғамдағы мәртебесін арттырудың маңызын ерекше назарға алды. Сонымен қатар жастарды еңбекқорлыққа, уақытты тиімді пайдалануға, көп тіл меңгеруге және спортпен белсенді айналысуға шақырды.
«Жеңіл ақша жоқ, табыс – еңбектің нәтижесі», – деді ол жастарға арнаған сөзінде.

Ал Бақытжан Жұмабекұлы Базарбек цифрландыру саясаты және алдағы уақытта қабылдануы жоспарланған Цифрлық кодекс туралы кеңінен баяндады. Жасанды интеллектінің дамуымен бірге мемлекеттік қызметтердің де автоматтандырылып, тиімділігі арта түсетінін атап өтті.

Халық қалаулылары жастарға азаматтық белсенділік танытып, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттырудың қажет екенін ерекше атап өтті. Өздерінің өмір жолы мен тәжірибелерінен мысал келтіріп, мотивациялық кеңестер берді.

Еркін форматта өткен шарада студенттер депутаттарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Кездесу жастардың саяси сауаттылығын арттыруға және қоғамдық белсенділігін дамытуға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.

27 Қараша 2025
108