Тегін құқықтық көмек көрсетілді

Бүгін, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Заң клиникасы Жамбыл облысы Әділет департаментімен бірлесе отырып, адам құқықтарын құрметтеу және әділеттілік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында халыққа тегін заң көмегін көрсету бойынша акция ұйымдастырды.

Іс-шараға Жамбыл облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы орынбасары Пралиев Бақыт Мейірбекұлы, заңгер-кеңесші Барлыбаева Лаура Ермұханқызы, сондай-ақ университет жанындағы Заң клиникасының меңгерушісі Мусаева Алия Январбекқызы қатысып, тұрғындарға құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді.

Акция барысында жастар мен ата-аналар алимент өндіру, еңбек құқығы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мүліктік даулар, сот орындаушыларының қызметтері және өзге де өзекті мәселелер жөнінде сұрақтарын қойып, кәсіби мамандардан нақты жауап алды. Сонымен қатар, азаматтарға құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығы түсіндіріліп, заң талаптарын сақтау — қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудың басты кепілі екендігі атап өтілді.

Шараның негізгі мақсаты — азаматтарға қолжетімді құқықтық көмек көрсету арқылы олардың құқықтық мәдениетін көтеру, құқықтық мемлекет құруға үлес қосу. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатындығын жеткізді.

Университеттің заң саласындағы тәжірибелік мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған бұл бастама студенттердің кәсіби тұрғыда дамуына да оң ықпал етеді. Себебі олар іс-шараға қатысу арқылы шынайы жағдайларда құқықтық көмек көрсетудің қыр-сырын меңгереді.
Тәртіп пен заңдылықты сақтау – қоғамдағы тыныштық пен дамудың негізі.

26 Қараша 2025
152