COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

SHERKHAN MURTAZA
UNIVERSITY

ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

 

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай «ҚР Конституциясы: бастаулары, теория және заманауи тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды шараға Қазақстан, Түркия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен белгілі заңгер-ғалымдар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, құқық қорғау және сот органдарының өкілдері қатысты.

 

 

Конференцияны университет ректоры Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы ашып, Конституцияның мемлекеттілікті нығайтудағы тарихи маңызын атап өтті. Ол ғылыми пікір алмасудың құқықтық жүйені дамытудағы рөліне тоқталып, халықаралық ынтымақтастықтың әрі қарай да жалғасатынына сенім білдірді.

 

 

Шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Саурықов Ерболат Байұзақұлы, Варна еркін университетінің ректоры профессор Петр Христов, сондай-ақ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот төрағасы Думан Мәуленов құттықтау сөз сөйлеп, Конституция нормаларын жетілдіру мен азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырудың маңызды бағыттарын атап өтті.

 

 

Пленарлық отырыста отандық және шетелдік ғалымдар конституциялық құқықтың өзекті мәселелерін талқылап, ғылыми тұрғыда жан-жақты талдау жасады. Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Болат Керімбек Конституцияның тарихи негіздері мен тәуелсіздік жылдарындағы құқықтық эволюцияны саралады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ақылбек Исабеков қазақ мемлекеттілігінің мыңжылдық сабақтастығын Конституцияда нақты көрсету жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ Түркия, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген профессорлар әр елдегі конституциялық реформалардың даму ерекшеліктерін салыстырмалы түрде ұсынды.

 

 

Цифрлық қауіпсіздік, e-gov жүйесі, жасанды интеллекттің құқықтық реттелуі, азаматтардың саяси құқықтарын кеңейту сияқты жаңа дәуірдің мәселелері де талқылаудың өзегіне айналды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Талғат Балашов адам құқықтарын кәсіби қорғау және қылмыстық процестегі кемшіліктер туралы маңызды ғылыми пікірлерімен бөлісті.

 

 

Іс-шара аясында 9–11 сынып оқушылары арасында Конституция тақырыбындағы эссе байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар дипломдар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

Конференция қорытындысы бойынша Қазақстанның конституциялық-құқықтық жүйесін жетілдіру, заң нормаларының тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған ұсыныстар қабылданды. Бұл басқосу университеттің халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін арттырып, құқық ғылымының дамуына елеулі үлес қосты.