ХТУ магистранттары магистр дипломын алып, кәсіби жолын жаңа деңгейге көтерді

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде 2024–2025 оқу жылының магистратура түлектеріне арналған диплом тапсыру рәсімі өтті. Бұл – ғылыми ізденісті табысты аяқтап, кәсіби құзыреттілігін жаңа деңгейге көтерген мамандардың құрметіне арналған салтанатты шара болды.
Салтанатты рәсімге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, университеттің құрылтайшысы Ерболат Саурықов арнайы қатысып, түлектерге жүрекжарды тілегін жеткізді. Ол үздік білім көрсеткен магистранттарға «Шерхан мақтанышы» алғыс хатын және академиялық біліктілік туралы дипломдарды табыстады.
— «Сіздер алған білім — тек жеке жетістік емес, бұл еліміздің білім және ғылыми әлеуетіне қосылған маңызды үлес. Бүгінгі жетістіктеріңіз — ертеңгі ел болашағына қызмет ететін нақты нәтиже», — деді Ерболат Саурықов өз құттықтауында.

Салтанатты жиынға университет президенті Нұржан Муслимов пен ректор Махметғали Сарыбеков те қатысып, магистр дәрежесін иеленген мамандарға кәсіби жолдарында сәттілік тіледі.
321 магистр — білім мен тәжірибенің нәтижесі
Ағымдағы оқу жылында университет қабырғасынан 321 магистрант түлеп шықты. Олар «Педагогика және психология», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Құқықтану», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Математика», «Шетел тілі: екі шетел тілі» және басқа да бағыттар бойынша терең білім алып шықты. Ең көп бітіруші түлектер – «Педагогика және психология» (71 түлек), «Шетел тілі: екі шетел тілі» (78 түлек), «Қазақ тілі мен әдебиеті» (32 түлек) және «Құқықтану» (37 түлек) бағыттары бойынша білім алғандар. Бұл — тек академиялық жетістік қана емес, олардың көпшілігі — еңбек нарығында тәжірибесі бар, салада қызмет етіп жүрген мамандар. Магистрлік дәреже олар үшін кәсіби дамудың жаңа сатысына айналды.

Ел мерейін өсірген жұлдызды түлектер
Салтанатты рәсімде академиялық табыстармен қатар, спортта халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген жұлдызды түлектер де ерекше аталды. Олардың қатарында – Асланбек Шымбергенов те бар. Ол бокстан әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сондай-ақ 2024 жылғы Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының туын ұстап шыққан спортшы. Университетте «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдады.
Сондай-ақ, биылғы түлектер қатарында пара пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Ерболат Кәрібай, грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері – Нұржан Асан , және кикбоксингтен әлем, Азия және Ислам ойындарының жеңімпазы – Мақсат Үсіп бар. Олардың бәрі — университеттің ғана емес, елдің де мақтанышына айналған тұлғалар.

Болашақ – білімді ұрпақтың қолында
Халықаралық Тараз университеті бүгінде 24 магистратура бағдарламасы бойынша жоғары білікті кадр даярлап, еліміздің зияткерлік капиталына нақты үлес қосып келеді. Ұстаздар мен оқытушылар құрамының еңбегі, түлектердің табандылығы – Қазақстанның жарқын болашағына апарар сенімді жол.
ХТУ ұжымы барша магистрант түлектерді шын жүректен құттықтай отырып, кәсіби жолдарына сәттілік тілейді.

16 Шілде 2025
436