COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

SHERKHAN MURTAZA
UNIVERSITY

Оқу ешқашан кеш емес: Шерхан университетінде 74 жастағы түлек диплом алды

 

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде биылғы диплом табыстау кеші ерекше әсерге толы болды. Себебі заң факультетінің түлектері қатарында өмірлік тәжірибесімен, еңбек жолымен, білімге деген құштарлығымен көпке үлгі болған жан – Проскурина Валентина Павловна бар.

Ол 74 жасында «Құқықтану» мамандығы бойынша екінші жоғары білімін алып шықты.

Валентина Павловна — бухгалтерия мен экономика саласына саналы ғұмырын арнаған білікті маман. Ол алғашқы жоғары білімін экономика бағыты бойынша алып, қаржы және есеп-қисап саласында бірнеше онжылдықтар бойы табысты еңбек еткен.
Ол – авторлық еңбектерге бай тәжірибелі маман. 20-дан астам оқу құралы мен әдістемелік нұсқаулығы жарық көріп, бүгінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында оқу процесінде қолданылады. Бұл еңбектер бухгалтер мамандарын даярлауда маңызды ғылыми-тәжірибелік ресурсқа айналды.

Құқықтану саласына келуі – кездейсоқ шешім емес. Валентина Павловна бұл жолды өмірлік қажеттілік пен тұлғалық ізденіс әсерінен таңдаған. Өзінің айтуынша, заман талабын түсіну, құқықтық сауаттылықты арттыру, отбасылық және әлеуметтік өмірде заң аясында бағдар табу қажеттігі – оны осы жаңа белеске жетелеген.

Университет қабырғасында ол тек білім алушы ғана емес, шын мәніндегі рухани ұстаз, ақылшы тұлға ретінде қабылданды. Жас буынмен тәжірибе бөлісіп, дәрісхананың мәдениеті мен мазмұнын тереңдете түсті.

Диплом табыстау сәтінде Валентина Павловна барлық профессор-оқытушылар құрамына, факультет ұжымына ерекше алғысын білдірді. Ол:

«Білім алуға ешқашан кеш емес. Армандар жасқа қарамайды. Қалауы мен сенімі бар адам кез келген биікті бағындыра алады. Осы жолда мені қолдаған барлық оқытушыларға алғысым шексіз», – деді тебірене сөйлеп.

Бұл сөздер залда отырған әрбір адамды бейжай қалдырмады. Жас түлектер мен ата-аналар жүректен шыққан шынайы сөзден үлкен жігер алды.

Валентина Павловнаның өмірлік жолы — үздіксіз даму мен тоқтаусыз үйренудің жарқын үлгісі. Оның табандылығы, ізденісі мен қажырлы еңбегі Шерхан университетінің құндылықтарымен толық үндеседі.
Мұндай түлектер – университет беделін арттырып қана қоймай, қоғамға рухани бағдар беретін айрықша тұлғалар.