Жастармен құқықтық тәрбие тақырыбында кездесу ұйымдастырылды
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ жобасы аясында «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты тақырыпта студент жастармен кең көлемді кездесу өтті.
Іс-шараны «ЖАҢАРУ» қозғалысының Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырды. Кездесу университеттің бас корпусындағы конференц-залда өтті. Басқосудың мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік көзқарас қалыптастыру және азаматтық жауапкершілік пен парасаттылық мәдениетін насихаттау.
Кездесуге түрлі саланың өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, мемлекеттік құрылымдар мен жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.
Шараның модераторы – «ЖАҢАРУ» қозғалысы облыстық филиалының директоры, «АнтиКорр» жанындағы Спикерлер пулының жетекшісі, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қасымхан Төлендиев болды.
Басты баяндаманы университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков жасап, жемқорлықтың ел болашағына тигізер кері әсері, білім беру мекемелеріндегі алдын алу шаралары және жастардың жауапкершілігін арттыру жөнінде ой қозғады.
Кездесу барысында келесі спикерлер сөз сөйлеп, өз салалары бойынша тұшымды пікірлерін білдірді:
- Дәурен Омаров – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары;
- Уалихан Болатбек – «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары;
- Айбек Қадралиев – Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры;
- Орынқыз Жолдасова – университеттің комплаенс қызметінің жетекшісі;
- Семейхан Сексенбаев – «Азаматтық және қылмыстық құқық» кафедрасының оқытушысы, отставкадағы полиция полковнигі;
- Жания Жетпіс– «Саналы ұрпақ» еріктілер клубының белсенді мүшесі.
Спикерлер қоғамдағы адалдық пен әділдік құндылықтары туралы, жастардың өмірлік ұстанымы мен әлеуметтік жауапкершілігі туралы кеңінен баяндады. Жастар тарапынан қойылған сұрақтар мен пікірлер де белсенді түрде талқыланды.
Шара соңында қатысушылар жемқорлықпен күрес тек заңмен емес, қоғамның әр мүшесінің сана-сезімімен жүзеге асатынын атап өтіп, мұндай кездесулердің маңыздылығы мен тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды.