Ақыртөбе мектебінің оқушыларына арналған «Ашық есік» күні өтті
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Қаржы және есеп» кафедрасының ұйымдастыруымен Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе орта мектебінің 11-сынып оқушыларына арналған «Ашық есік» іс-шарасы өтті.
Шараға аталған мектептің мұғалімдері мен түлектері, сондай-ақ университеттің «Экономика және бизнес» факультетінің оқытушылары қатысты. Жиынды факультет деканы Жандос Қуатбеков ашып, қатысушыларға университеттің білім беру бағыттары, оқу бағдарламалары мен мамандықтары туралы кеңінен мағлұмат берді.
Ашық есік күнінің басты мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге университет өмірімен, оқу үрдісімен және студенттік инфрақұрылыммен жақын танысуға мүмкіндік беру. Оқушылар университет кітапханасы, мұражай, дәріс залдары, спорт кешені, мәжіліс залдары мен студенттер үйін аралап, оқу ордасының заманауи жағдайына көз жеткізді.
Шара барысында кафедра оқытушылары мектеп мұғалімдері мен оқушылардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, мамандық таңдаудың маңыздылығы туралы кеңестерін айтты. Сонымен қатар, болашақ түлектерді университетке құжат тапсыруға шақырды.
Іс-шара Ақыртөбе орта мектебі мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті арасында жасалған меморандум негізінде өткізілді. Қонақтар университет тарапынан жылы қабылдау мен ашық ақпарат бергені үшін алғыстарын білдіріп, оқу орнына оң баға берді.
Университетіміз алдағы уақытта да мектеп бітіруші жастарға бағыт-бағдар беру, кәсіби бағдар жұмысын жүйелі жүргізу бағытында осындай кездесулерді жалғастыра бермек.