Халықаралық Тараз университетінің студенттері республикалық олимпиададан жүлдемен оралды
2025 жылдың мамыр айында Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жоғары оқу орындарының студенттері арасында ұйымдастырылған ХVII Республикалық пәндік олимпиада өз мәресіне жетті.
Аталған білім сайысында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шығармашылық мамандықтар» факультетінің студенттері «Кәсіптік оқыту» білім беру бағдарламасы бойынша қатысып, жүлделі III орынды иеленді.
Бүгін университет ректоры Махметғали Сарыбеков жеңімпаз білімгерлерді және олардың жетекшісі, оқытушы Меруерт Сәрсембаеваны арнайы қабылдап, құттықтады.
Ол студенттердің шығармашылық көзқарасы мен кәсіби даярлығын ерекше атап өтіп:
«Сіздердің бұл жеңістеріңіз – тек өздеріңіздің емес, тұтас университет ұжымының ортақ мерейі. Біз сіздер арқылы еліміздегі білім сапасының, жастардың бәсекеге қабілеттілігінің биік екенін көріп отырмыз», – деді.
Олимпиада барысында студенттер кәсіби пәндер бойынша өз білімдерін сынға салып, практикалық тапсырмаларды орындап, көркем ойлау мен педагогикалық әдістемені ұштастыра білді.
Жүлдегерлерімізге алдағы уақытта да толағай табыс, білім мен еңбекте биік белестер тілейміз!