COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

SHERKHAN MURTAZA
UNIVERSITY

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / Жоғары білім – еңбек нарығының айнасы: Шерхан университетінде ЖОО қауымдастығының жиыны өтті

Жоғары білім – еңбек нарығының айнасы: Шерхан университетінде ЖОО қауымдастығының жиыны өтті

 

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының тағдыры мен болашағы таразыланған маңызды жиын – Қазақстан ЖОО қауымдастығының жалпы жиналысы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өтті.«Мамандарды озық даярлау жүйесі – қазақстандық экономиканы дамытудың негізі» тақырыбымен ұйымдастырылған алқалы жиынға елдің әр түкпірінен келген университет ректорлары, салалық сарапшылар, жоғары білім саласының көшбасшылары мен өңірлік билік өкілдері бас қосты.

 

 

Жиын қарсаңында келген құрметті меймандар – университет басшылығы, қауымдастық мүшелері және Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов бастаған делегация қазақ руханиятының символына айналған Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті.

 


Одан кейін делегаттар Студенттер үйін аралап, оқу-тұрмыстық жағдаймен және жасалған әлеуметтік мүмкіндіктермен танысты. Мұнда студенттерге арналған коворкинг аймағы, оқу кабинеттері, спорт және мәдени демалыс бұрыштары қарастырылған.

 

 

Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Zoom платформасы арқылы онлайн қосылып, өзінің мазмұнды баяндамасында жоғары білімнің ел дамуына қосар үлесі, кадр даярлау сапасын арттыру мен университеттерді сараптаудың жаңа жүйесі туралы кеңінен тоқталды. Министрдің айтуынша, Қазақстанда тек диплом алған емес, нақты кәсіби құзыреттерге ие маман қажет.

 

 

Баяндамалар легі білім беру жүйесінің әр саласын қамтыды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері – Гүлжан Жарасова мен Фатима Жақыпова ұлттық біліктілік жүйесі мен рейтинг жүйесін енгізудің тетіктерін нақтылады. «Атамекен» ҰКП Жамбыл облыстық филиалының директоры Еркін Атымтай өңірлік еңбек нарығы мен жоғары оқу орындарының байланысына тоқталып, жұмыс берушілер мен оқу орындарының өзара түсіністігі – табысты кадр даярлаудың алғышарты екенін жеткізді.

 

 

Пленарлық отырыста Astana IT University ректоры Асқар Хикметов цифрлық трансформация, ЖИ мен STEM бағыттарының білім беру үдерісіне ықпалы туралы ой қозғады.

 

 

Іс-шараның негізгі алаң иесі – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков өз баяндамасында аграрлық секторды дамытуда университеттің рөлін айқындап берді.
– Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі – ауылдағы еңбек өнімділігіне тікелей тәуелді. Сондықтан біз университет ретінде өзіміздің бейіндік бағытымызды нақты анықтап, ауыл шаруашылығына қажетті жоғары білікті кадр даярлауға ден қойдық, – деді ол.


Университет жанындағы агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы, мал шаруашылығы және аквакультура бағытындағы зертханалар бүгінде студенттер мен магистранттарға тек білім ғана емес, тәжірибе алаңын ұсынып отыр. Сонымен бірге, университет ғалымдары Жамбыл облысындағы 50-ге жуық су айдынына ғылыми-биологиялық негіздеме жасап, өңірдегі балық шаруашылығын дамытудың нақты картасын ұсынуда.

 

 

Жиын барысында Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры Рихсибай Мамедов сөз алып, инженерлік және техникалық мамандықтардың экономикадағы маңызын, университеттің өндіріс орындарымен байланысын, халықаралық жобаларға қатысуын кеңінен баяндады. Оның айтуынша, оқу орнының 34 зертханасы – студенттерге тек білім емес, практикалық машық қалыптастырудың басты алаңы.

– Біз тек білім беріп қана қоймаймыз, студенттің өндіріс талабына сай тәжірибе алуына жағдай жасаймыз. Бұл орайда дуальды оқыту – ең тиімді құрал. Қазірдің өзінде 100-ден астам студент өңір кәсіпорындарының қолдауымен оқып жатыр, – деді Рихсибай Мамедов.

 

 

Бұл жиын – жоғары білім жүйесін жаңғыртудың басы. Университеттер тек білім беретін емес, экономикаға бағыт беретін орталықтарға айналуға тиіс. Ал бұл жолда әріптестік, ашықтық және нақты мақсат – басты бағдар.