COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

SHERKHAN MURTAZA
UNIVERSITY

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / Өндірістік серіктестік және кәсіби бағдар: HR FORUM-2025 жалғасын тапты

Өндірістік серіктестік және кәсіби бағдар: HR FORUM-2025 жалғасын тапты

 

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «HR FORUM & JOB FAIR: Жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер» атты форумның өндірістік бағытқа арналған екінші күні өтті.

 

 

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдары мен өндірістік сала арасындағы байланысты нығайту, жас мамандарға кәсіби бағдар беру және еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді талқылау болды.

 

 

Форумның ашылуында университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, форум қатысушыларына сәттілік тілей отырып, мұндай алаңдардың ел болашағын құрайтын білікті кадрларды даярлаудағы маңызын атап өтті.

 

 

Кездесу барысында бірқатар жетекші мекеме өкілдері сөз алып, қазіргі еңбек нарығының талаптары мен жұмыс берушілердің жас мамандарға қоятын негізгі критерийлері туралы ой бөлісті. Олардың қатарында: Жамбыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев, «Қазфосфат» ЖШС бас директорының кеңесшісі Батырбек Құлекеев, «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облысы филиалының бас кеңесшісі Ардақ Абдибаева, «БанкЦентрКредит» АҚ Тараз филиалы директорының орынбасары Лаура Оспанова, Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Гүлпара Ташенова болды.

 

 

Олар кәсіби дағдылар, цифрлық трансформация, жастарды уақытша жұмыспен қамту, ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту және мемлекеттік-өндірістік ынтымақтастық мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

 

 

Сонымен қатар, форум аясында университет түлектері – бүгінгі таңда түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген жас мамандар – өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Тараз қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Асылхан Әбітбеков, «Қазфосфат» ЖШС жетекші инженері Шернияз Орынбай, Жамбыл облысы Полиция департаментінің инспекторы Әміржан Әбиюрбеков кәсіби жолдарын баяндап, студенттерге пайдалы кеңестер берді.

Университеттің белсенді студенттері де өз жобаларын таныстырып, форумның мазмұнын толықтыра түсті. Ақпараттық жүйелер мамандығының 4 курс студенті Бахтияр Сусузов пен құқықтану мамандығының 4 курс студенті Амина Ахметқали өз бағыттары бойынша презентация ұсынып, қонақтардың оң бағасын алды.

 

 

Форум соңында қонақтарға Алғыс хаттар табысталып, түлектермен еркін пікір алмасуға арналған сұхбат алаңы ұйымдастырылды.

Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жас мамандар мен жұмыс берушілер арасындағы ашық диалог пен болашаққа бағытталған нақты қадамдарға жол ашты. HR FORUM-2025 – білім мен тәжірибені, сенім мен серіктестікті тоғыстырған маңызды кәсіби алаң болды.