HR FORUM-2025: Педагогикалық бағыттағы алғашқы күн сәтті өтті
Бүгін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «HR FORUM & JOB FAIR: Жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер» атты форумның алғашқы күні өтті. Ауқымды іс-шараның бұл бөлігі педагогикалық бағытқа арналды. Форум алаңы университет түлектері мен жұмыс берушілердің тікелей жүздесіп, ашық пікір алмасуына, тәжірибе бөлісуіне және нақты мүмкіндіктермен танысуына жол ашты. Іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы, «Еңбек мобильдігі орталығы», «Отбасы банк» және ҚР ҰҚК Шекара қызметі сынды мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиынның салтанатты ашылуында университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков сөз сөйлеп, форум қатысушыларына сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде: «Бүгінгі форум – университет пен жұмыс беруші арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жастардың кәсіби болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды алаң. Біздің түлектер – ел болашағына жауапты буын», – деп атап өтті.
Форумның алғашқы спикері Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Лаззат Абильдаевна жас мамандарды қолдау — аймақтың басты басымдығы екенін атап өтті. «Бүгінгі форум – жас мамандармен тікелей тілдесіп, олардың көзқарасын, сұранысын естуге мүмкіндік беретін ашық алаң. Жас педагог – білім сапасының тірегі. Сондықтан біз әрбір жас маманға нақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді ол. Осы күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында түлектерді мектептерге бағыттау, тәжірибеден өткізу, бірлескен жобалар ұйымдастыру көзделіп отыр.
Кездесуде жұмыс берушілер білім беру жүйесіндегі кадр тапшылығы, ауыл мектептеріне маман тарту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы және білім сапасына қойылатын жаңа талаптар жөнінде сөз қозғады. Ашық пікір алаңында тәжірибелі педагогтер мен басқарма өкілдері жас мамандарды қолдауға бағытталған мемлекеттік тетіктерді де таныстырды. Форум барысында «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары, ақын және университет түлегі Медеу Мырзатай: «Менің жолым осы университет қабырғасынан басталды. Жас маманға ең керегі – сенім мен мүмкіндік. Бүгінгі форум – дәл сол екі ұғымды біріктіріп отыр», – деп жастарға мотивациялық ой тастады.
Сондай-ақ форум аясында үздік студенттер – Президент стипендиясының иегері Ердәулет Әбдіхалық және Шерхан грантының иегері Данабек Мұратов өз жетістіктерімен бөлісіп, студенттерге болашаққа сеніммен қарауға шақырды. Қонақтарға алғыс хаттар табысталып, бейресми форматтағы кофе-брейк пен сұхбаттасу алаңы да ұйымдастырылды.
HR FORUM-2025 алғашқы күнінде педагогикалық кадр саясаты, кәсіби бағдар және еңбек нарығымен байланысты тақырыптар кеңінен талқыланды. Университет қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған болашақ мамандар үшін бұл – маңызды тәжірибе мен нақты бағдар екені сөзсіз.